Сәтбаев қаласында 500-ден астам мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуымен антинаркотикалық форум өтті
28 қаңтар күні Сәтбаев қаласындағы Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Ұлытау облысы Полиция департаментінің бастамасымен «Таза сана – жарқын қоғам» атты профилактикалық форум ұйымдастырылды.
Іс-шараға 500-ден астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері, яғни жасөспірімдер мен жастар қатысты.
Форумның негізгі мақсаты — өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алу және құқықтық сана деңгейін арттыру.
Форум барысында Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Арман Садыков баяндама жасап, өңірдегі есірткі ахуалына тоқталды.
Оның айтуынша, 2025 жылы Ұлытау облысында 110 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, есірткі заттарын өткізу бойынша 31 дерек, сақтау бойынша 67 дерек анықталған, сондай-ақ заңсыз жарнама, өсіру, контрабанда және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты қылмыстар тіркелген. Бұдан бөлек, 64 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, олардың басым бөлігі есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтынуға байланысты болған.
Сондай-ақ заңсыз айналымнан марихуана, гашиш және көкнәр сабаны секілді түрлі есірткі құралдарының 138 килограмнан астамы тәркіленді.
Өз сөзінде полиция подполковнигі Арман Садыков есірткінің жасөспірімдердің өмірі мен болашағына төндіретін қаупін ерекше атап өтіп, мұндай қылмыстардың алдын алу ең алдымен түсіндіру және профилактикалық жұмыстарға байланысты екенін жеткізді. Ол жастарды заң талаптарын сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және саналы таңдау жасауға шақырды.
Форум аясында профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, мамандардың қатысуымен интерактивті тренингтер мен түсіндіру шаралары өткізілді. Сонымен қатар тәрбиелік және спорттық байқаулар ұйымдастырылып, арнайы бөлімшенің көрсетілімдік өнер көрсетулері ұсынылды.
Іс-шара соңында қатысушылар болашақ қоғам үшін салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, «Салауатты өмір салты — жарқын болашақтың кепілі» қағидатын қолдайтындықтарын білдірді.




