Қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыру мақсатында Абай көшесі, 80 мекенжайында республикалық бюджет қаражаты есебінен ІІ типтегі өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған жоба – төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жедел жою бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық бастамалардың бірі.
Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған. Нысанның жалпы аумағы 1,2 гектарды құрайды. Жоба аясында өрт сөндіру депосынан бөлек, жеке құрамға арналған 6 пәтерлі қызметтік жатақхананың құрылысы және балаларға арналған футбол алаңын абаттандыру жұмыстары қарастырылған. Бұл өз кезегінде тек қызметкерлер үшін емес, жақын маңдағы тұрғындар үшін де қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қала аумағында екі өрт сөндіру депосы тұрақты түрде қызмет көрсететін болады. Соның нәтижесінде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақыты қысқарып, өрт қауіпсіздігі деңгейі айтарлықтай артады.
Жаңа депоның іске қосылуы – қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, өмір сапасын жақсартуға және жалпы әл-ауқатты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл жоба азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне арналған жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі болып табылады.



