Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бұл реформалардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық мемлекеттің тиімді жұмыс істеуі ең алдымен әділ әрі ашық сот жүйесіне байланысты.
Серік Ақылбай іс жүргізу заңнамасы азаматтарды заңсыз әрекеттер мен негізсіз шешімдерден қорғаудың маңызды тетігі екенін жеткізді. Сондықтан бұл саладағы нормалар үнемі жетілдіріліп, қоғамның заманауи талаптарына сай бейімделіп отыруы тиіс.
«Іс жүргізу заңнамасын жетілдіру – азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі кепілі. Мемлекет әрбір азаматтың әділ сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін процестік нормалардың тиімділігін арттыруға мүдделі», – деді ол.
Депутат конституциялық реформа аясында ұсынылған өзгерістер сот процесінің ашықтығын күшейтуге, тараптардың теңдігін қамтамасыз етуге және құқықтық кепілдіктерді нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Мұндай жаңашылдықтар азаматтардың сот жүйесіне және жалпы мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Серік Ақылбай құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудің маңыздылығына да тоқталып, заңнамалық өзгерістермен қатар құқықтық мәдениетті дамыту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, кәсіби заңгерлер қауымдастығы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады.
Қорытындылай келе, ол іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған бастамалар Қазақстанда құқықтық мемлекетті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.



