Жезқазған құс фабрикасы өндіріс көлемін арттыруға бағытталған инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның негізгі мақсаты – өңірді сапалы әрі қолжетімді тауық жұмыртқасымен қамтамасыз ету және жергілікті агроөнеркәсіп кешенін дамыту.
Аталған жобаның жүзеге асу барысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында танысты. Сапар кезінде кәсіпорынның қазіргі өндірістік әлеуеті, жаңғырту жұмыстары және алдағы жоспарлары ұсынылды.
Қазіргі таңда құс фабрикасы өңірдің жұмыртқаға деген сұранысының 35 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорын аумағында жаңа өндірістік цехтың құрылысы жүргізілуде. Жобаны толық іске асырғаннан кейін фабриканың тәуліктік өндіріс қуаты 150 мың дана жұмыртқаға дейін артады. Сонымен қатар, құс саны 200 мың басқа дейін жеткізіліп, өңірді тауық жұмыртқасымен толық қамту көзделген.
Кәсіпорын заманауи технологиялармен жабдықталған, тұрақты жұмыс орындарын құрып, жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтып отыр. Жоба іске асқан жағдайда әлеуметтік-экономикалық тиімділік артып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Сапар аясында Мәжіліс депутаты Жезқазған қаласындағы өзге де өндіріс орындарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулер барысында ел экономикасын дамытуға бағытталған заңнамалық бастамалардың өңірлердегі өндірістерге ықпалы талқыланды.




