Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнес салалық кеңесі мен әйелдер кәсіпкерлігінің салааралық кеңесінің бірлескен отырысы өтті.

Отырыс барысында инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде бизнестегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша бірлескен шаралар, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.
Кеңес жұмысына Ұлытау облысы бойынша ҰҚК департаментінің, Ұлытау облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының, Жезқазған қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері мен өңір кәсіпкерлері қатысты.
Жезқазған қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ляззат Қадыкенова «Nestle» компаниясының балалар тағамы өнімдерін сауда орындарынан кері қайтарып алуына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, балалар қоспаларын өндіру барысында омега-6 арахидон қышқылының көзі болып табылатын өсімдік майының бір түрі қолданылғаны хабарланды. Сонымен қатар құрамында церелулид токсині болуы мүмкін деген қауіптің анықталуына байланысты шайдың бірнеше түрі де айналымнан алынуға жатады.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында сауда нүктелерінен балалар қоспаларын алып тастау, сондай-ақ Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін шайдың жекелеген түрлерін әкелуге және өткізуге тыйым салу көзделген.
Кездесу барысында Ұлытау облысы бойынша ҰҚК департаментінің өкілдері бизнестегі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және өңірде инвесторлар үшін қолайлы іскерлік ахуал қалыптастыру мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Іс-шара қорытындысында кәсіпкерлер спикерлерге мазмұнды әрі өзекті ақпарат үшін алғыс білдіріп, бизнестегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.




