Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қала аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін жаңа мердігер — «Ұлытау ЭкоСервис» ЖШС жүзеге асыруда. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және ТКШ бөлімінің Telegram-чатында қоқыстың уақытылы шығарылмауына қатысты тұрғындардан көптеген шағымдар түскен.
Осыған байланысты бүгін ТКШ бөлімінің мамандарымен бірлесіп, жаңа компанияның жұмысын тексеру мақсатында қала бойынша мониторинг жүргізілді. Бұған дейін Батыс аудан (Царское село) тұрғындарынан қоқыстың уақытылы шығарылмауына қатысты шағымдар жиі тіркелген болатын. Тексеру барысында аталған ауданның барлық көшелерінен қоқыстың толық шығарылғаны анықталды. Қазіргі уақытта бұл аумақта қоқыс шығару сәрсенбі және сенбі күндері айналма тәсілмен, күні бойы бір рейс арқылы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар №2 шағынаудан мен Алаш көшесі бойынша да қоқыс шығару жұмыстары тексерілді. Қала шағынаудандарында қатты тұрмыстық қалдықтар күн сайын бір рейспен шығарылуда. Ал коттедждік секторда және өз бетінше салынған тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда қоқыс шығару бекітілген кестеге сәйкес айналма тәсілмен жүргізіледі.
Тексеру қорытындысы бойынша ТКШ бөліміне қосымша контейнерлер орнатуды қажет ететін контейнер алаңдарының мекенжайларын нақтылау тапсырылды. Ал мердігер ұйымға қоқысты белгіленген кестеге сәйкес уақытылы әрі сапалы түрде шығару міндеттелді.




