Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап елімізде өртке қарсы жабдықтарды жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты – орман және табиғатты қорғау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру.
Осы бағдарлама аясында Ұлытау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне лизингтік қаржыландыру есебінен отандық өндірістегі 3 дана JAC орман өрт сөндіру кешені көлігі (КОПК) және биоалуантүрлілікті сақтау мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында 5 дана МТЗ-920М тракторы жеткізілді.
Сонымен қатар, БҰҰДБ-ның «Тұран жолбарысын қайта жерсіндіруге жағдай жасау және Ұлытау жотасындағы табиғи әрі тарихи-мәдени нысандарды сақтауға қолдау көрсету» жобасы аясында JKG FAW маркалы жүк көлігі пайдалануға берілді.
Жаңа техника өрттің алдын алу, оны ерте анықтау және жедел сөндіру мүмкіндіктерін арттырып, Ұлытау өңірінің бірегей табиғи мұрасын қорғауға елеулі үлес қоспақ.




