Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның ішінде ұялы байланыс сапасын жақсарту мәселесі қала әкімдігінің ерекше назарында. Осы бағытта қала әкімі Мұрат Бөрібаев «Beeline» ұялы байланыс операторының техникалық бөлімінің басшысы Роберт Акоповпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында қала аумағындағы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, байланыс тұрақтылығын арттыру және тұрғындардан түсетін өтініштерді кезең-кезеңімен шешу жолдары талқыланды. Өткен жылы қалада жеті жаңа базалық станция орнатылып, оның екеуі қазірдің өзінде толыққанды жұмыс істеп тұр. Қалған бес станцияны биыл іске қосу жоспарланған, бұл байланыс сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда байланыс сапасы әлсіз болып отырған Абай көшесінде жаңа базалық станция орнату жоспарға енгізілді. Аталған нысан заманауи талаптарға сай жарықтандырумен жабдықталып, осы аумақ тұрғындарын тұрақты әрі сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етеді.
Қала әкімі ұялы байланыстың тұрақтылығы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды екенін атап өтті. Әсіресе, төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың жедел түрде байланысқа шығып, қажетті көмекке қол жеткізуі – басты басымдықтардың бірі. Осыған байланысты қала орталығында байланыссыз аймақтардың болмауы қатаң бақылауда болады.
Кездесу қорытындысында оператордың техникалық қызметіне байланыс сапасын арттыру, алдын алу шараларын күшейту және тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар санын азайту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жоспарланған іс-шаралардың кезең-кезеңімен жүзеге асуы қаладағы ұялы байланыс сапасын жақсартып, тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға зор үлес қоспақ.




