– Алғашқы сұрақ: Ақын қалай Фермерге айналып кетті?
– Сұрағыңыз орынды, бірақ, бұған таңғалатын дүние деп қараудың қажеті шамалы. Өйткені, «фермер» деген термин өмірімізге нарық арқылы енгенімен,сайып келгенде, «шаруа» деген мағына береді ғой. Ауыл баласына кез келген шаруа таңсық емес. Соның ішінде, мал шаруашылығы – қазақтың атакәсібі емес пе? Ал, мен қызылды – жасылды қала тірлігін ауылға қалай , не себепті айырбастадым? Сіздің де, оқырмандардың да білгісі келетіні осы ғой. Ендеше, айтайын.
Мен үйдің үлкенімін, соқаның салмағы алдыңғы тісіне түскендей, әулеттің де салмағы үлкен ұлға түседі ғой. Құдайға шүкір, іні – қарындастар баршылық. Осыдан он жыл бұрын, яғни 2015 жылы мен өзімнің бауырларымды жинап, әке – шешеміздің қолында қалған азын – аулақ малды негізге ала отырып, фермерлік шаруашылық құруға ниеттендім. Өйткені, мен бала кезімнен далаға құштар жанмын. Алматыда жоғары оқу орнын бітірген кезде де, сол қалада қалу мүмкіндігі болғанына қарамастан, мені әлдебір күш ауылға жетелеп алып келген еді. Дала деген – Кеңістік, Еркіндік. Тап – таза ауа, тұп – тұнық табиғат. Бәлкім, мен айналама ақындық көзбен қарайтын болармын...
Біздің қазіргі шаруа қожалығымыз ата – бабамыздың алтын қоныс, атамекенінде орналасқан. «Кешегі күндері осы аймақта әкелеріміз ат арқандап, аналарымыз от жағып, қазан көтеріп жүріп еді –ау» деген ойға берілудің өзі қандай?! Сол бір асыл да аяулы жандар ойдан қырға көшіп, мәңгілікке дамылдап жатыр. Демек, біз Далаға кіндігімізден байланғанбыз!
Шаруашылықтың шаруасы шаш етектен. Бірақ, соған қарамастан ақын Төлеген де ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Атакәсіп менің ақындығыма көлеңкесін түсірген емес, керісінше, шығармашылығыма үлкен жол ашқандай көрінеді маған. Мен қазір санаулы беттері де , соңғы парағы да жоқ «Дала» деген ұлы кітапты оқып жүрмін. Сол Даланың төсінде жүріп, көп қаламгердің қолына түсе бермейтін, көп кітаптарда кездесе бермейтін рухани қазыналарға қол жеткізе бастадым. Алла қаласа, алдағы уақытта осы даладан тапқан рухани қазыналарымды қағаз бетіне түсірсем деген ниетім бар.
– Енді өзіңіз басқаратын «МИРАС» шаруа қожалығы туралы кеңірек әңгімелеп берсеңіз.
– Әлгінде айтқанымдай , біз жұмысты 2015 жылдан бастадық. Шаруашылықты жүзеге асырып, жолға қоюдың жауапкершілігі менің мойнымда болғасын, күнделікті күйбең тірліктен бөлек, ауылшаруашылық саласына қатысты ақпараттарды дамылсыз іздестіріп, білгенімді кеңейтуге ұмтылдым. Талап және ізденіс –қос қанатым іспетті болды. Мемлекет тарапынан қандай көмек бар? Мен ең алдымен, осы жағына аса қатты мән бердім. Сөйтсем, бірнеше бағдарламалар бар екен. Солардың бәріне де қатыстым. Несиеге сиыр малын алдым. Лизинг арқылы жемшөп дайындайтын техникаларға қол жеткіздім. Міне, осылайша шаруамызды дөңгелете бастадық. Бұл қиын болса да қызықты болды. Бойымызда ертеңге деген сенім нығайды, қызығушылық арта түсті.
Қазіргі кезде «МИРАС» шаруа қожалығында 80 бас асыл тұқымды Герефорд сиыры, 30 шақты жылқы басы, 1200 шм мал базасы, 140 шм тұрғын үйі, 80 шм жем қоймасы, 349 га сауармалы жер телімі, 280 га егістік жері, 1500 га аса жайылым мен шабындық бар. Техникалық базасына келер болсақ, екі тракторы, бір комбайны, қосымша жер игеруге арналған құралдар мен тіркемелер бар. Шаруашылықта өз бауырларымнан бөлек екі жұмыскер еңбек етеді. Қысқаша айтқанда осылай.
– «Герефорд» деген шамасы немістің сиыры болса керек. Өзіміздің ақбас тұрғанда, Германиядан сиыр әкелудің нендей қажеттілігі бар еді?
– Қазақтың Ақбас сиыры туралы айту дұрыс, бірақ, оның шығу тегін, тарихын білген де артық етпейді. Өйткені, «Ақбас» негізі Герефорд тұқымының аталығын қызыл сиырмен будандастыру арқылы шығарылған ғой.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз өндіріс ошақтары ғана емес, қолда бар асыл тұқымды малдардан да қол үзіп қалдық қой. Малдың тәуірі базарға, алыпсатарлардың алақанында кетті. Сапалы малды сақтап қалғандар некен саяқ болды. Одан ес кіріп, етек жия бастағанда қолымызда сапасы азған малдың саны ғана қалды. Қаны тазармаған, бұқасы ауыспаған мал азады. Енді қайтпек керек? Амал жоқ, шекараның сыртынан, Еуропа елдерінен асыл тұқымды мал тасуға тура келді. Бір қуаныштысы, еңбек зая кетпеді. Өйткені, қазір өз жемісін бере бастағанына көзіміз жетіп отыр.
Қазір саннан сапаға көшетін мезгіл жетті. Сапа, сапа және де сапа. Неге? Өйткені, егер тұқымы, тегі белгісіз болса, мұндай малдың етін әлемдік экспортқа шығара алмаймыз. Мұны білесіздер ме? Әрине, өз елімізде пайдалануға, сатуға болады. Бірақ, әрбір фермер жанарын алысқа салуы керек. Бүгінмен ғана өз – өзін алдарқата бермей, «Ертең әлемнің қай еліне өнім өткіземін?» деген мақсатты ойынан әсте де шығармауы тиіс. Сондықтан, шеттен әкелінген малды жерсіндіріп, жергілікті жерге бейімдеген абзал. Сонда еліміздің әлемдік нарықтағы ет экспорының әлеуеті артады.
Бірақ, шет елден мал әкелмес бұрын, оның бағым – күтімі қалай болатыны, қандай жем, шөп жейтініне шейін білгеніңіз жөн. Сол малдарға ветеринарлық қадағалау жасай аламыз ба? Соған қабылетіміз жете ме? Олар қандй аурулармен ауырулвры мүмкін? Шеттен мал әкелетін кісі алдын ала осының бәрін біліп алмаса, болмайды. Қора – қопсысы қалай болу керек? Тіпті, міне, осыған шейін біліп алған жөн. Сонда ғана сырттан әкелген малдың өсіп –өнуі, өнім беруін қамтамасыз ете аласыз. Әйтпесе, қып –қызыл шығынға батып қалуыңыз мүмкін. Елімізде мұндай жағадайларға ұшырағандар да аз емес.
– «Жерді дұрыстап игермейінше отар – отар қой , үйір – үйір жылқы баққанның пайдасы бола қоймайды». Бұл Сіздің кешегі форумда айтқан сөзіңіз. Басқаларды қайдам, мен өз басым бұл сөздің астарын түсіне қоймадым..
– Ия, кешегі облыстық ауылшаруашылық күніне арналған форумда көп нәрсе айтқым келді, алайда оған уақыт жетпей қалды. Десе де қадау-қадау бірнеше мәселені қозғап үлгердім деп ойлаймын. Ал, енді сұрағыңызға келер болсақ...
2023 жылы Ұлытау облысында жылқы жұты болғаны көпшілікке мәлім. Әсіресе, Жаңаарқа ауданында жылқы әжептәуір шығынға ұшырады. Оны көзіміз көріп, қолымызбен ұстадық. Осы жұттың себебіне терең үңілсеңіз, ар жағында мал азығының мардымсыздығы, шөп шығымының төмендігі, жем-шөп қорының жетіспеушілігі жатыр. Енді өзіңіз ойлаңыз, жер игеріп жем-шөп қорын көбейтуді қолға алмасақ, отар-отар қойды, үйір-үйір жылқыны немен қоректендіреміз? «Дала тозды, жер азды» деп алақан жайып отырғаннан бірдеңе өзгере ме? Жоқ. Ендеше, не істеу керек? Яғни, жер игеруге ден қойған жөн. Мұнсыз болмайды. Мен форумда осы жағына назар аудару қажеттілігін айттым. Өзіңіз ойлаңызшы, ұшағың бар, ұшып-қонар аэродромың жоқ, тепловозың бар, теміржолың жоқ. Дәл сол сияқты, малың бар , бірақ, мал жаятын жерің жоқ. Жерің болса, шабындығың жоқ. Сондықтан, мал өсіру үшін оның азығын қоса өсіруді қолға алу керек.
Мысалы, Сіздің бар - жоғы 500 га жеріңіз бар. Сол жерге 50 қойыңызды, 30 сиырыңызды, 20 жылқыңызды жыл он екі ай жая берсеңіз, одан қалды «қысқы азығы» деп, шөбін шауып алсаңыз, сол жерден бір - екі жылда не қалады? Малдың ауызы ғана емес, аяғы да шөп жейді. Демек, әлгі жердің шаңы аспанға шығып, қу тақырға айналмай ма? Айналады. Себебі, шөптің өсуіне, оның тұқым шашып, көбеюіне мүмкіндік берілмейді. Сондықтан , мал шауашылығымен айналысқан адам жер жағдайына қатты көңіл аударғаны дұрыс. Баяғы біздің ата-бабаларымыз бекер көшпенді өмір салтын ұстанған жоқ. Қыстауы , көктеуі, жайлауы, күздеуі болған. Осы төрт мезгілде төрт жерге көшіп, жердің тозбауына, даланың азбауына сақ қараған. Қазір ше.? Бүгінгі шаруа қожалықтарының бұл көшпенді салтқа көшуге мүмкіндігі жоқ. Сонда тығырықтан шығар жол қайсы? Шаруа қожалығына тиісті жердің бір пұшпағын игеріп, екпе шөптер егумен айналысу керек. Оны қолға алмай, мал басын өсірудің еш пайдасы жоқ. Оның жарқын дәлелі, жоғарыда айтқан жылқының жұты. Жылқылар суықтан, аяздан қырылған жоқ. Жейтін азық болмағаннан шығынға ұшырады. Егер қысқа дайындаған шөп қоры мол болса, мал иесі қолға қаратар еді ғой. Қарата алмайды. Өйткені, көктемге дейінгі жетер жетпес жем-шөп қорына қорадағы ұсақ мал мен сиыр малы да ортақтасып тұрған жоқ па? Менің форумда «жерді игере алмасақ, малды да игере алмаймыз» дегенім сондықтан.
– Жемшөп өсіру туралы да форумда жақсы айттыңыз. Бұрын құлағымыз ести қоймаған кейбір шөптерді өсіріп жатқанға ұқсайсыз...
– Бұл ауқымды тақырып және өзекті мәселе. Мен «житняк», «эспорцет» деген шөп өсіруді қолға алғанымды айттым. Бұл екі шөп Ұлытау облысының климаттық жағдайына және топырақ құнарының деңгейіне жақсы келеді екен. Түсінікті болу үшін тарқатыңқырап айтайын.
«Житняк» шөбі көпжылдық өсімдікке жатады. Мал аяғына бастырмай, бабын тауып отырса, он жыл бойы өнім беріп тұратын, жылына бір-ақ рет орылатын шөп. Бұл жоңышқа тәрізді суды көп талап етпейтін, арқаның аяз суығына төтеп бере алатын және жыл сайын егіп, шаруаны бейнетке салмайтын шөп. Мен мұны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Біз осы житнякты 2020 жылы 150 га жерге егіп, содан жылына 200-220 тонна шөп алып отырмыз. Мұны біздің маңайдағы шаруа қожалықтары жақсы біледі. Ал, «эспорцет» шөбіне келетін болсақ, бұл да өте құнарлы, жоңышқа тұқымына туыс болып келетін, шөлге шыдамды шөптің бірі. Бір еккен соң 5-7 жыл бойы өнім беріп тұратын өсімтал шөп. Әсіресе, сүт бағытындағы сиырлардың сүт қорын молайтуға себеп болатын протейні мол өсімдік. Бұл да біздің шаруашылықта өсіп жатыр. Жоңышқаға келетін болсақ, бұл шығымы жақсы, бір маусымда екі, үш орым беретін өсімдік. Алайда, бұл топырақ құнарлығымен, су қорын көп талап етеді.
Форумда мен лаборатория туралы да айттым. Әр саланың өз зерттеп-зерделеу орталығы болатыны сияқты, өсімдік тұқымын да зерттеп оның сапасын, салмағын, энергиялық қуатын, шығымын анықтайтын мекемелер бар. Егер лабораторияда 10 дән егіп, соның 10-ы да өсіп шығатын болса, даладағы егістік жерде сол 10 дәннің 7-сі ғана шығады. Себебі, егістікте зиянкес жәндіктер бар, топырақта біз білмейтін аурулар бар, одан қалса егу барысына қажетті тереңдіктен әрі түсіп кететін дәндер жер бетіне шығалмай қалуы мүмкін, осыларды қаперге алғанда 10 дәннің барлығы өсіп шығады деген тұжырымнан аулақ болу керек. Лабораторияда әлгіндегідей кері факторлар болмаған соң, олар жақсы шығады. Осының бәрін бүгінгі фермер білуге тиіс. Бүгінгі шаруа қожалықтары алысқа барамын десе жермен тығыз байланыста болу керек. Көп ізденіп, көп оқу керек. Барынша ғылым мен тәжірбиені біріктіре алса, сонда ғана өзі ойлаған нәтижеге қол жеткізеді.
– Қазіргі кезде қай салада болсын мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Сіз айтқандай, ауылшаруашылығын ғылым мен тәжірибені ұштастырып жүргізу қатардағы фермерлердің оң жамбастарына келе қояр ма екн? Білікті мамандарды қайдан табамыз?
– Бұл өте күрделі сұрақ. Жылқыны жалынан ұстап, қазысын айтатын қазақ көп шығар, бірақ, жапыраққа қарап, топырақ құнарын айтатын адам жоқтың қасы. Кеңес заманында керзі етік киіп алып, дала кезіп еңбек еткен аграном, ветеринар, зоотехниктердің көпшілігі мәңгілікке аттанып, қалғандарының өздері де қамыт аяқ, көпей шалға айналды. Обалы нешік, олардың ерекшелігі, бүгінгі жас мамандарға қарағанда аса тәжірбиелі, жауапкершілігі жоғары еді.
Ауылшаруашылығына қатысты мамандар тым тапшы. Агроном, ветеринар түгілі, механизаторлардың өзі қат болып тұр. Демографияның жағдайын өзіңіз де білесіз. Қайтпек керек? Тығырықтан шығудың жолын қарастыру қажет. Президентіміз Қасым - Жомарт Тоқаев Астанада өткен 2- республикалық ауылшаруашылық форумында «алдағы жылдары мал шаруашылығына басымдық береміз» деді. Егер осы салаға басымдық берілетін болса, ауылшаруашылығына қажетті мамандықтарға да көңіл аударады деп сеніп отырмыз. Кенжелеп қалған осы мамандықтарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер берілетін шығар, грандтық лимиттерді көбейтуі мүмкін деген үміт те жоқ емес. Мамандар мәселесін осылай шешуге болады деген ойдамын.
– Шаруалардың өз шаруаларын тиімді ұйымдастыруы кейбір жағдайларда алаңдаушылық тудыратын тәрізді.
– Бұл жерде ең алдымен, мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарына түрлі қолдаудың бар екендігін қайталай кеткеннің артығы жоқ. Қаржылай болсын, материалды- техникалық тұрғыдан болсын. Әрине, несие, лизингтік жүйе бойынша. Оның өзі үлкен көмек, қажетті қолдау. Бірақ, біз сол ауылшаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларын толық білеміз бе, мәселе білген күннің өзінде, шаруаларымыз шаруаны тиімді ұйымдастыра алып отыр ма, жоқ па дейтін сұраққа келіп тіреледі. Мәселе осында. Әбеке, тағы бір мысал келтірейін. Сізде 500 га жер телімі бар. Сізге малыңызды қыстан алып шығуға 50 тонна шөп қажет. Енді осы 50 тонна шөпті орып алу үшін Сізге лизингтік жүйемен 14 миллионға трактор, 1,5 миллионға шөп шапқыш, шөпті артатын «КУН» үшін 1,200 мың, шөп таситын тіркеме үшін 1млн. құрту керек пе, әлде сол 50 тонна шөпті екі бас жылқыңызды сатып жіберіп 1,200 мыңға сатып ала салған тиімді ме? Онсыз да мал бағатын малшыға зәру болып отырсаңыз, сіз шөп шабуға кеткенде малға кім қарайды? Міне, осындай мәселе жеткілікті. Осыны тиімді пайдалану үшін, кіріс-шығысын, экономиясын есептеу үшін шаруашылық иесі білімді болмаса қалай, іс алға басады? Ал, жер көлемі үлкен болса, ол жерді тиімді пайдаланып, агроном тілімен айтқанда, ауыспалы (севоборот) жер телімдерін жолға қою керек. Оны қалай қояды, егер ол салада білімі болмаса? Егер қожалықтың жетекшісі жер игерудің технологиясын білмесе, бағып отырған малының ветеринарлық тұрғыдан саулығын білмесе, қолына тиген техниканың мүмкіндіктерін меңгермесе онда ол қалай дамиды, қалай өседі?
Сіз екеуміз Ұлытау облысындағы шаруа қожалықтарының мәселесін қаузап отырған соң, мен де осы төңіректегі топырақ сапасы мен ауа-райының жағдайын ескеріп айтып отырмын. Біздің мал шаруашылығымен айналысып отырған қожалықтар қазір жер игеру мәселесін шұғыл түрде қолға алуы керек, әйтпесе, кейін кеш болады. Тағы да айтайын, жер игермей, мал игеру мүмкін емес. Бұл бағзыдан келе жатқан тәжірбие. Қазақ, «Жер - Ана» дейді. Демек, Анаңа қандай құрмет жасасаң, Жерге де сондай құрметпен қарау керек. Жерден бірдеңе алсаң, орнына қайтып беруің керек. Кеңірек айтайын түсінікті болу үшін. Жерден өсіп шыққан кез-келген өсімдік өзінің толыққанды өсуі үшін топырақтың құрамынан қаншама қажетті құнарды элементтер алады. Алынған құнардың орнын толтырмасақ, біз ол жерден одан кейін ештеңе ала алмаймыз. Мысалы, бір масақ бидай өсіп шығуы үшін топырақтан фосфор, азот, темір, кальци, тағы сол сияқты қаншама элементтерді бойына сіңіреді. Сол элементтердің орнын қосымша тыңайтқыштармен толтырмасақ, сол жер тозбағанда қайтеді? Ал, біздің шаруа қожалықтарының бірен-сараны болмаса, бәрі дерлік мұны біле бермейді. Кешегі форумда «біздің фермерлерге ақпараттық, идеологиялық жұмыстар жетіспейді» дегенім сол. Идеологиялық жұмыс алға шықпай, өзге жұмыс өнбейтінін тарих та, уақыт та дәлелдеп отыр.
Адам ауырса дәрігерге барады. Дәрігер не дейді, «анализ тапсыр» дейді. Сол анализ арқылы дәргер сіздің қай жеріңіз ауырып тұрғанын, қандай дәрі қажет екенін анықтайды. Сол сияқты, топыраққа да сараптама жасату керек. Сонда сараптама қорытындысы Сіздің жердің сапасын анықтап не жетеді, не жеткіліксіз екенін көрсетеді. Соның негізінде сіз, өзіңізге тиесілі жерге қандай өсімдік өсіруге болатынына көз жеткізер едіңіз. Осыны біздің өңірдің бар шаруалары біледі деп ойлайсыз ба? Міне, сондықтан да, шаруалардың білімін арттыруға, біліктілігін күшейтуге көмектесуіміз керек. Менің айтып жүрген толғақты мәселерімнің бірі – осы.
– Сіздің форумдағы «шаруа қожалықтары үшін өңірлік семинарлардың пайдасы молырақ болады» деген ойыңыз құптауға әбден лайық. Мұны билігі бар азаматтар қолға алса, жүдә жақсы болар еді.
– Жылына бір рет жылды қорытындылап, форум өткізген дұрыс шығар. Ауылшаруашылығында үздік көрсеткіштерге қол жеткізгендерді марапаттап, маңдайынан сипап, арқасынан қаққанның артықтығы жоқ. Алайда, көшпелі семинарлардың пайдасы әлдеқайда тиімді болар еді. Өткен форумға әр өңірден 200 - ге жуық шаруа қожалығының басшылары келді. Егер біздің Ұлытау облысында 2179 шаруа қожалығы бар десек, онда біз кеше фермерлердің 10% - імен ғана жүздестік. Шалғайда жатқан, бұл жиылыстан бейхабар азаматтар қаншама? Олардың да бүгінгі мемлекеттік қолдаулардың шарапатын сезініп, қажеттілігін ашуға қақысы бар ғой. Мен облысымыздың әкімі Дастан Адайұлына, мәслихат төрағасы Шыңғыс Қабденұлына ауылшаруашылығының көшпелі семинарларын өткізуге қолдау жасау қажеттігін айттым, оны форумға қатысқан жұрттың бәрі естіді. Көшпелі семинар екі ауданымызда, 3 қаламызда кезекпен, кесте бойынша өтсе, сол өңірлерде еңбек етіп жатқан әрбір шаруа қожалықтарының қатысуын толық қамтамасыз етсек және де олар өз тәжірибиелерімен, жеткен жетістіктерімен бөлісіп, алға қарай дамудың динамикасын орнатқан болар едік. Кемшілік болса, кеңесіп отырып шешіп, қажетті мамандарды шақырып, біліктілігімізді арттыруға сеп болар еді. Ауылшаруашылығында күрмеуі шешілмеген күрделі мәселе көп қой.
– «Қазір фермерлер арасында қой, сиыр өсіруге деген ынта азайып кетті» дегенді естіп қаламыз. Анық –қанығын біле қоймаймыз ғой, бірақ, алыпқашты осындай сөздің бары рас.
– Керісінше, қазір ет бағасы, нарықтағы өз құнын тапты. Сондықтан да, осы салаға бет бұрушылар көп. Ауылшаруашылық бизнесі өз өнімін лайықты бағада сата алатын болса, неге бұл саладан қашу керек?
Ия, ет бағасы биыл нарықтағы өз бағасын тапқанға дейін талай шаруалар бұл саладан бас тарта бастады. Баққан малында баға болмаса, тапқан табысында құн болмаса кім қу далада ғұмырын өткізгісі келеді. Есіңізде болса, осыдан он бес жыл бұрын ет бағасы 1400-1600 теңге аралығында болды. Сол баға 2024 жылдың басына дейін тұрды. Ал, басқа тауарлар ше? Басқа азық-түлік жыл сайын тасбақаның жүрісімен қымбаттап отырды. Ел сезінді, бірақ, еті үйренді. Тек, бір бағамен 10 жылдың үстінде өзгеріссіз тұрған ет өнімі ғана болды. Сол ет былтырдан бері ғана нарықтағы орнын алып еді, ел де шулады, Үкімет те үрейленіп, депутаттар да дүр ете қалды. Меніңше, ет бағасының аттан салатындай аспандап кеткені шамалы. Өзге тағам бағаларымен шамалас болып, өз құнына лайық бағасына келді. Біреулер ет экспортқа шыққаннан баға өсіп кетті дейді. Жоқ, Қазақстан 2019 жылдан бері қателеспесем, аздап болсын шет елге ет экспорттай бастады. Сонда неге қымбаттамаған ішкі нарықтағы ет өнімдері? Ет бағасының өсуіне ет өндірушілерге қажетті құрал-сайман, техника, құрылыс материалдары және жанар-жағар майдың қымбаттауы тікелей әсер етеді. Егер ет өнімі қымбат, оны арзандатуымыз керек деп ауылшаруашылығында еңбек етіп жүрген адамдардың өнімін тежейтін болсақ, қолдан қысым жасап, тұншықтыратын болсақ, біз келешекте бұл саланы таза құлдыратып аламыз. Даладан қалаға көшушілердің қатарын көбейтіп, урбанизацияға жол ашып, оданда күрделі мәселелерді туындатып алуымыз мүмін. Ауылдардың негізгі табыс көзі төрт түліктің өнімі болса, ол өнімнің нарықтағы бағасын сақтай алмасақ, біздер онда «Ауыл» дейтін асханадан айырылып қалуымыз әбден мүмін. Онсыз да құлдырап, құрып кетудің алдында тұрған ауылдар аз емес. Керісінше әрбір адам жеген нанының, ішкен сүтінің, асаған етінің артында шалғайда жатқан шаруаның шашетектен келетін бейнеті, қыста тоңып, жазда терлеген еңбегі тұратынын естен шығармай, оларға құрметпен қолдау көрсетуі керек. Өйткені, даладағы адамдарда 8 сағат жұмыс уақыты сақталмайтынын әр адам білсе керек. Бүгін осы салада жүрген әр фермер, бір отбасының тірегі, бір шаруаның жетекшісі, өзі электрик, өзі - сварщик, өзі - механизатор, өзі - малшы. Осындай аласапыран еңбекте жүрген алам еңбегі елеусіз болмаса керек.
Ет-сүт, тағы басқа да азық түлік өнімдерін мол өндірудің және бағасының қол жетімді болуының меніңше бір ақ жолы бар. Ол нарық талабы бәсекелестік. Бәсекелестіктін басты тірегі мал басының көбеюі. Соған қол жеткізіе алсақ бағада, басқада өз орнына келе қалады.
– Төке, ауылға, ауылшаруашылығына қатысты біршама ойларыңызды ортаға салғаныңызға, көп – көп рахмет! «Гүлденсе ауыл, гүлденеді еліміз!» демекші, еңбектеріңіз жемісті бола берсін!
Сұхбаттасқан : Абдолла Дастанов,
ҚР Ақпарат саласының үздігі




