Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Қанат Құлмағамбетовтің төрағалығымен құрылыс, логистика және көлік салалық кеңесінің отырысы өтті.
Отырысқа жергілікті құрылыс және автокөлік компанияларының басшылары — «Самға» ЖШС, «Жезтемірбетон» ЖШС, «Транко-Жез» ЖШС, «Алмас Құрылыс» ЖШС, «Казавтожол» АҚ, сондай-ақ өңірдегі орта арнаулы оқу орындарының директорлары мен Ұлытау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қатысты.
Күн тәртібінде білім беру ұйымдары мен құрылыс-жол компаниялары арасындағы білікті кадрларды даярлау мәселесі бойынша өзара іс-қимыл қаралды.
Кездесудің негізгі тақырыбы құрылыс-жол саласындағы кадр тапшылығының ушығуы болды. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, қазіргі жағдай аса күрделі сипатқа ие. Автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп-ұстау, тұрғын үй нысандарын салуды жүзеге асыру үшін, жыл сайын жұмыс күші жетіспейді. Соның салдарынан жұмыс берушілер уақытша қызметкерлерді, көбіне көршілес елдерден тартуға мәжбүр, ал олардың біліктілік талаптарына әрдайым сай келе бермейтіні де айтылды.
«Бұл жағдай жыл сайын қайталанып, жол-құрылыс саласында кадр тапшылығының одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, жұмыс істейтін адам жоқ. Жергілікті кәсіпорындарда жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарайтын жергілікті кадрлардың еңбек еткенін қалаймыз», — деп атап өтті кәсіпкерлер, оқу орындарының өкілдеріне тұрақты кадр резервін қалыптастыру жөнінде ұсыныс білдіре отырып.
Өз кезегінде колледж директорлары жұмысшы мамандықтарының бүгінде, өкінішке қарай, жастар арасында кеңінен сұранысқа ие емес екенін жеткізді. Көп жағдайда мамандық таңдау студенттердің саналы шешімінен гөрі, ата-аналардың ықпалымен жүзеге асады. Нәтижесінде кейбір білім алушылар оқуын аяқтамай басқа мамандықтарға ауысады немесе диплом алғанымен, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды.
Отырыс барысында көтерілген тағы бір мәселе — құрылыс және жол нысандарында қызметкерлердің іргелес функцияларды қатар атқаруы. Қатаң мерзімдер жағдайында жұмысшылар бірнеше мамандықты қоса атқаруға мәжбүр, алайда тәжірибе көрсеткендей, олардың тиісті біліктілік дағдылары жиі жеткіліксіз болып, бұл атқарылатын жұмыстардың сапасына кері әсерін тигізеді.
Қалыптасқан жағдайдан шығудың мүмкін жолдарының бірі ретінде қатысушылар колледждер базасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқамерзімді қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды ұсынды. Қалалық колледждерде жергілікті кәсіпорындардың қажеттіліктеріне бағытталған жаңа мамандықтарды ашу, сондай-ақ колледж студенттері үшін ашық есік күндерін өткізу қажеттігі атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша салалық кеңес аясында колледждер мен кәсіпорындар арасындағы жүйелі әрі тәжірибеге бағдарланған жұмысты күшейту, сондай-ақ қажетті бос жұмыс орындарын анықтау мақсатында, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын бірлескен жұмысқа тарту туралы шешім қабылданды. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бизнес пен білім беру ұйымдарының бірлескен күш-жігері кадр тапшылығы мәселесін шешудің және өңірдің құрылыс-жол саласының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі тетігі болмақ.




