Аймаққа жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев «Kaztechfilter» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік алаңына барды. Кәсіпорын тау-кен өндіру, ауыл шаруашылығы, автомобиль және өзге де арнайы техникаларға арналған сүзгілер мен сүзгі элементтерін өндіруге маманданған.
Сапар барысында депутатқа зауыттың өндірістік қуаты, технологиялық үдерістері және шығарылатын өнім түрлері таныстырылды. «Kaztechfilter» ЖШС өндіретін өнімдер импортты алмастыруға бағытталған және күрделі өндірістік жағдайларда пайдалануға бейімделген, сапа мен сенімділіктің заманауи талаптарына толық сәйкес келеді.
Кәсіпорын қазіргі таңда 50-ден астам қызметкерді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Басшылық Азат Перуашевке өндірісті кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарлары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау, өнеркәсіпті дамыту және қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты мұндай кәсіпорындардың экономиканы әртараптандыру, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтудағы маңызын атап өтті. Алынған мәліметтер нақты секторды қолдауға бағытталған заңнамалық бастамаларды қарау барысында депутаттық қызметте пайдаланылатын болады.




