Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясын жетілдіру мәселесіне қатысты бірқатар маңызды бастамаларды көтерді.
Президенттің айтуынша, қолданыстағы Конституция мәтінінде жекелеген терминологиялық және стильдік сипаттағы кемшіліктер анықталған. Аталған олқылықтар бұрын жіберілген қателіктердің салдары болып табылады. Осыған байланысты Конституциялық реформа аясында Конституция мәтінін жүйелі түрде редакциялау және мазмұнын нақтылау қажеттігі атап өтілді.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға кәсіби заңгерлермен қатар, мемлекеттік тіл нормаларын жетік меңгерген білікті тіл мамандарын тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Сонымен бірге Президент Конституцияның преамбуласын қайта қарау мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, преамбула ұлттық құндылықтарды айқындайтын, тарихи сабақтастықты көрсететін және ұзақ мерзімді маңызын сақтайтын мазмұнда жазылуы тиіс.
Жаңартылатын преамбулада қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің терең тарихи негіздері нақты әрі айқын түрде көрініс табуға тиіс. Бұл арқылы Қазақстан Республикасының Ұлы дала аумағында қалыптасқан ірі мемлекеттердің тарихи мұрагері екені көрсетілуі қажет.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Конституцияға «Біз бәріміз Әділетті Қазақстанды ең жоғары мақсат ретінде көздейміз және оған жетеміз» деген қағидатты енгізуді ұсынды. Аталған норма мемлекеттің даму бағытын айқындайтын базалық құндылық ретінде қарастырылады.
Президенттің бастамалары Конституцияның құқықтық, мазмұндық және идеологиялық негіздерін нығайтуға, сондай-ақ қоғамды ортақ стратегиялық мақсаттар төңірегіне топтастыруға бағытталған.




