«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Серікұлы Иманашевтің қатысуымен республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының 216–424 шақырым аралығында көшпелі жиналыс өтті.
Жиын барысында аталған жол учаскесіндегі қайта жаңғырту жұмыстарының қазіргі барысы жан-жақты қаралды. Құрылыс сапасы, мердігер ұйымдардың өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындауы, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар талқыланды. Жоба аясында жолдың техникалық талаптарға толық сәйкес әрі қауіпсіз болуы басты назарда екені атап өтілді.
Кездесу барысында мердігер компаниялардың жұмысты белгіленген кестеге сай орындауы, құрылыс материалдарының сапасы және жұмыс қарқыны жөнінде нақты мәселелер көтерілді. Сонымен қатар нысандағы жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берілді.
Басқарма төрағасы жол құрылысы кезінде барлық талаптардың сақталуы, сапаны тұрақты бақылауда ұстау және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау маңызды екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.




