Қазіргі кезде түрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан немесе әлеуметтік желілерден интернет алаяқтықтың құрбаны болғандар туралы жиі байқайтын болдық. Олардың жариялаған шағымдары да жұрт назарын өзіне аударуда. Шынында да, қазір оңай олжаға кенелгісі келетін, қиналмай-ақ қаражат табуды мақсат еткен алаяқтардың қаптап кеткені рас. Ал олардың құрған қақпанына түсіп қалып, артынан аһ ұрып жатқан қарапайым халық та аз емес. Бұл ретте полиция қызметкерлеріде және басқа да мемлекеттік органдар алаяқтардың құр¬баны болмас үшін тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды жиі айтуда.
Көбінесе алаяқтық деректер банк карталары мен есепшоттардан қаражат ұрлаумен, азаматтардың жеке деректерін алаяқтық жолмен пайдаланумен, тауарларды сату немесе тиісті қызметтерді көр¬сету туралы хабарландырулар берумен, сондай-ақ ақшаны пайдалы бизнеске салу туралы жарнамалармен байланысты да орын алады екен. Сәтбаев қалалық полиция бөлімі тарапынан қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында профилактикалық бейнероликтерді көрсету арқылы алаяқтардың айла-амалдарынан қорғануға қатысты алдын алу жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді.
Негізінен алаяқтардың барлық веб-ресурстарды қолдана алатыны және жалған парақшалар жүргізетіні белгілі. Бір сөзбен айтқанда, интернеттің қыр-сырын өте жақсы біледі. Ал талай жыл маңдай терімен тапқан табысын оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қолына ұстата салуды ешкім де құптамайды. Қазіргі замандағы озық технологияның бірі делінетін интернеттің шарапаты уақытты үнемдеу, қажетті мүмкіндіктің бәріне қол жеткізу болса, залалы осы алаяқтардың қаптап, олардың құрбандарының саны көбейгенінде болып отыр.
Интернет алаяқтық — қазіргі таңда жиі кездесетін, әртүрлі әдістер арқылы адамдарды алдап, ақша немесе жеке деректерін иемденетін қылмыстың бір түрі.
Мұндай жағдайларға тап болмас үшін төмендегі кеңестерді есте сақтап жүріңіздер:
1. Жеке деректерді сақтаңыз: жеке куәлік нөмірі, банк картасының деректері, SMS арқылы келетін растау кодтары мен құпиясөздерді ешкімге бермеңіз. Әлеуметтік желілерде өзіңіз туралы тым көп ақпарат жариялаудан сақ болыңыз;
2. Күдікті сілтемелерді баспаңыз: танымайтын адамдардан келген хабарламалардағы сілтемелерге кірмеңіз. "Сізге сыйлық, жеңіс, ақша түсті" деген сияқты уәделерге сенбеңіз;
3. Онлайн саудада абай болыңыз: тауар үшін алдын ала ақша жібермеңіз, тек сенімді сайттар арқылы сатып алыңыз. Жарнамалар мен сатушылар туралы пікірлерді оқыңыз;
4. Банктік операцияларда сақ болыңыз: банк қызметкері болып қоңырау шалған адамға сенбеңіз. Банк ешқашан карта деректерін немесе SMS код сұрамайды, картаңызды басқа адамдарға бермеңіз;
5. Құпия сөздеріңізді қорғаңыз; қиын, бірнеше әріп, сан және символдан тұратын құпиясөз пайдаланыңыз, бір құпиясөзді бірнеше жерде қолданбаңыз, жиі ауыстырып тұрыңыз;
6. Балаларыңызды ескертіңіз: балалар да интернетте алаяқтықтың құрбаны болу мүмкін, оларды интернеттегі қауіптер туралы хабардар етіңіз;
7. Антивирустық бағдарламалар орнатыңыз, компьютер мен смартфоныңызға сенімді антивирус орнатып, жүйелі түрде жаңартып отырыңыз.
Егер алаяқтыққа тап болсаңыз:
Учаскелік полицияға немесе ҚР ІІМ-нің Киберқылмыспен күрес бөліміне хабарласыңыз.
Қауіпсіздік — өз қолдарыңызда. Ақпараттық технологияның пайдасын көру үшін, алдымен қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
Дәурен Ибраев,
Сәтбаев қалалық сотының төрағасы




