Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді ілгерілету бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында вице-премьер Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековпен бірге Кеңгір ауылында орналасқан «Kengir Agro» ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметін қарады. Аталған жоба іске қосылғанына алты ай уақыт өткен, қазіргі таңда оның материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен қалыптастырылуда.
Кооператив аясында 100 гектар алқапқа картоп отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы уақытта мал азықтық дақылдарды егу жоспарланған. Бұдан бөлек, қуаттылығы 3 мың тонна болатын картоп сақтау қоймасының құрылысын бастау көзделіп отыр. Жоба барысымен танысқан Серік Жұманғарин тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сапар аясында сондай-ақ өңірдегі алғашқы көкөніс сақтау қоймасының құрылысы таныстырылды. Жобаның жалпы сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайды және оны ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл бастама облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ маусымаралық кезеңде көкөніс пен жеміс-жидек өнімдерінің тапшылығын болдырмауға және бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының қорытындысында кеңейтілген кеңес өтті. Жиынға фермерлер, шаруа қожалықтарының басшылары және кәсіпкерлер қатысып, саладағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Көтерілген барлық мәселелер жан-жақты қаралып, оларды шешу бағытында нақты тапсырмалар берілді.




