Конституциялық комиссия барлық түскен ұсыныстар мен қоғамдық талқылауларды ескере отырып, өзара үйлестірілген және Конституция мәтініне жүйелі түрде енгізілген түзетулердің жинақталған жобасын әзірледі.
Ұсынылып отырған жоба Кіріспеден (Преамбула), 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Ал қолданыстағы редакцияда Конституция Кіріспе, 9 бөлім және 101 бапты қамтыған болатын.
Жаңа жобада екі жаңа бөлім енгізілді – «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу». Бұл бөлімдер мемлекеттік басқарудағы халықтың рөлін күшейтуге және Ата заңды өзгерту тетіктерінің айқындылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар Конституцияның төрт бөлімі қайта аталды:
• «Жалпы ережелер» – «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп,
• «Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп,
• «Парламент» – «Құрылтай» деп,
• «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» –
«Әділет төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деп өзгертілді.
Конституцияның 77 бабына түзетулер енгізіліп, бұл негізгі заң мәтінінің 84 пайызын құрайды. Осылайша, ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып отыр.
Бөлім атауларының өзгеруі немесе баптардың тұжырымдамалық тұрғыдан нақтылануы жай ғана редакциялық түзету емес. Бұл – құқықтық дәлдікті арттыруға, Конституцияның сапасын көтеруге және негізгі заңға қатысты жаңа концептуалдық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған маңызды әрі жан-жақты ойластырылған қадам.
Айта кету керек, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес, егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінің жартысынан астам бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе, ол жаңа редакцияда қабылдануы тиіс.
Осыны ескере отырып, сондай-ақ ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымы мен мазмұнын назарға ала келе, Қазақстан Республикасының қазіргі заман талаптарына, қоғамның өзекті сұраныстарына және мемлекеттің стратегиялық даму мақсаттарына толық жауап беретін Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау орынды әрі негізді шешім болды.
Осылайша, бұл бастама жекелеген түзетулермен шектелмейді. Ол – Ата заңның мазмұны мен тұжырымдамалық негіздерін түбегейлі жаңғыртуды көздейтін терең конституциялық модернизация болып табылады.




