Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын қоғам назарына ұсынды. Құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды жан-жақты зерделеу, ашық қоғамдық талқылаулар өткізу және жаңа нормаларды мұқият пысықтау нәтижесінде әзірленді.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру бастамасына негізделген. Осы мақсатта 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына беделді заңгерлер, сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері енді. Қоғамдық талқылауларға белсенді азаматтар да қосылып, алты ай ішінде e-Otinish және eGov порталдары арқылы екі мыңнан астам ұсыныс түсті.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы өзгерістерге қатысты көзқарасын білдірді. Ал 21 қаңтарда 130 мүшеден тұратын Конституциялық комиссия құрылды. Комиссия құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, құқықтанушылар, мемлекеттік органдар, БАҚ, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері кіріп, елдің барлық аймақтары мен әлеуметтік топтары қамтылды. Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді.
Комиссия отырыстары толықтай ашық форматта өтіп, тікелей эфирде көрсетілді. Жұмыс барысында Конституцияның барлық бөлімдерін қамтитын, 77 бапқа қатысты түзетулер қаралды. Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу қажеттігі айқындалды.
Жаңа Конституцияның тұжырымдамалық негізі – адамға бағдарланған мемлекет құру. Жаңартылған Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланды. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар деп танылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатты қорғау қағидаттары Конституция деңгейінде бекітілді.
Білім мен ғылым, мәдениет пен инновация ел дамуының негізгі тірегі ретінде айқындалды. Сондай-ақ азаматтардың құқықтарын цифрлық кеңістікте қорғау жөніндегі норма алғаш рет енгізілді. Зайырлылық қағидаты күшейтіліп, дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты айқындалады.
Жоба аясында 145 депутаттан тұратын бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу, адвокатура мен зияткерлік меншікке қатысты нормаларды конституциялық деңгейде бекіту ұсынылып отыр. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтіледі.
Жаңа Конституция жобасы бойынша ұсыныстар қабылдау жалғасуда. Түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады. Конституциялық комиссияның жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.




