Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысының су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді. Жұмыс сапары барысында вице-премьер Жезді өзенінің арнасындағы жағдаймен танысып, Қарсақпай, Сарлық, Қорғасын, Бозтұмсық және Малшыбай елді мекендерін су тасқынынан қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қарап шықты.
Сондай-ақ Қарсақпай және Кененбай бөгеттерін тексерді. Жезқазған қаласында вице-премьер Кеңгір су қоймасына барып, қала әкімінің қазіргі жағдай жөнінде баяндамасын тыңдады.
Облыс аумағында су тасқыны қаупі бар 27 елді мекен айқындалған. Оның сегізінде су басу қаупі сақталып отыр, ал қалған 19 елді мекенде жүргізілген инженерлік және алдын алу шараларының нәтижесінде қауіп едәуір төмендеді.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өңірде 1,6 шақырым қорғаныс дамбасы салынды, 3,5 шақырым канал, 3 шақырым арық және 350 су өткізу құрылысы тазартылды.
Сарысу, Жаман Сарысу, Талдысай, Қаракеңгір, Жезді өзендері, сондай-ақ Кеңгір, Ақтасты және Жезді су қоймалары тұрақты бақылауда тұр.




