Бүгін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын талқылау бойынша жиын өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың басшылары, депутаттар, сарапшылар қауымдастығы, азаматтық қоғам өкілдері, кәсіпкерлер және жастар қатысты.
Облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Жумкина Мемлекет басшысының Жолдауын ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Ол Жолдауда көтерілген жеті басым бағыттың әрқайсысы – уақыт талабы мен ел болашағы үшін маңызды шешімдер екеніне назар аударды. Әсіресе, жасанды интеллект, цифрландыру, білім беру және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытындағы бастамалар – келешек ұрпақтың дамуына негіз болатынын атап өтті.
Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин 2025 жылдың 7 айындағы инвестициялық ахуал мен туризм саласының даму көрсеткіштерімен бөлісті. Биылғы жылы өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 103,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға өскен. Қазіргі уақытта жалпы құны 937 млрд теңгені құрайтын 22 ірі жоба жүзеге асырылуда, олар 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жиын барысында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы өңірде жүзеге асырылып жатқан бірнеше инновациялық жасанды интеллект (ЖИ) жобалары туралы мәлімет берді. Мәселен, Жезқазған қаласының жолдарын цифрландыру жобасы шұңқырларды анықтап, жол белгілерін орнату бойынша ұсыныстар енгізеді.
VisionGuardAI бейнемониторинг жүйесі 11 әлеуметтік нысанда орнатылып, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. «109 бірыңғай байланыс орталығы» Mindia мета-платформасының көмегімен тапсырмалар автоматтандырылып, өтініштер жылдам өңделуде. Сонымен қатар, «Протокол» жүйесі кеңес отырыстарының аудиожазбаларын мәтінге айналдырады, ал ЖИ-аудармашы мемлекеттік құжаттарды қазақ және орыс тілдеріне сапалы аударады.
Ұлытау Хабта Scout AI, DocGuard AI, Talapker AI және WorkClock сияқты инновациялық жобалар әзірленіп, құжат айналымы, білім және еңбек өнімділігін арттыру бағытында іске асырылуда. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек Жазылханұлы жасанды интеллект пен цифрландырудың өңірдің дамуына жаңа серпін беріп, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыратынын атап өтті.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмат Саухимов Жолдауда белгіленген ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру және жерді тиімді пайдалану бағытындағы тапсырмаларға тоқталды. Цифрландыру аясында жерді беру тәсілдері электронды форматқа көшіріліп, космомониторинг жүйесі арқылы пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылуда.
2023-2025 жылдары пайдаланылмай жатқан жерлердің көлемі жоспардан асып орындалып, олар қайта айналымға енгізілуде. Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану және заң бұзушылықтарды жою мақсатында арнайы комиссия құрылып, нақты ұсыныстар әзірленуде.
Облыстық туристік гид Сағдат Мұхамбетов өңірдің тарихи және табиғи әлеуетін атап, оның ішінде Жошы хан мен Алаша ханның мазарлары, Ақжар борлы шатқалы, Бұланты шайқасының тарихи орны сияқты киелі жерлердің туристік картаның маңызды нысандарына айналатынын жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша өңір басшысы Дастан Рыспеков Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, оларды сапалы және жүйелі түрде жүзеге асыру бойынша өңірлік іс-шаралар жоспарын бекітуді міндеттеді.
Ұлытау облысында Президент Жолдауын іске асыру мәселелері талқыланды
