Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстармен емес, ең алдымен адами капиталдың сапасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның жаңа Конституциясы ел дамуының басты басымдықтарын айқындап, ғылым мен инновацияға негізделген қоғам құруды көздейді. Бұл туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының басшысы Айгүл Сәдуақасова атап өтті.
Сарапшының пікірінше, Конституцияда адамның әлеуетін дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілуі – заманауи өркениеттік талаптарға толық сәйкес келеді. «Адами капитал – бұл тек білім немесе кәсіби біліктілік емес, сонымен бірге сыни ойлау, ғылыми ізденіс пен инновациялық мәдениет. Конституция осы құндылықтарды жүйелі түрде дамытуға құқықтық негіз қалыптастырады», – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Ғылым мен инновацияға басымдық берілуі еліміздің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді. Конституциялық нормалар ғылыми зерттеулерді қолдауды, білім сапасын арттыруды және жаңа технологияларды енгізуді мемлекеттің жауапкершілігі ретінде қарастырады. Бұл Қазақстанның жаһандық білім және ғылым кеңістігінде өз орнын нығайтуына мүмкіндік береді.
Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, жаңа Конституция әлеуметтік саясат пен білім беру жүйесін біртұтас қарастырады. «Ғылым мен инновацияның дамуы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға, жастарға өзін-өзі жүзеге асыруға жағдай жасауға ықпал етеді. Бұл – әділетті және инклюзивті қоғам құрудың маңызды алғышарты», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Конституция азаматтың зияткерлік әлеуетін дамыту мен ғылыми еркіндікті қамтамасыз етуге басымдық береді. Бұл ғылыми қауымдастықтың дербестігін нығайтып, креативті ойлау мен еркін пікір алмасу мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Қорытындысында Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституцияны адами капиталға, ғылым мен инновацияға бағытталған ұзақмерзімді стратегиялық құжат ретінде бағалайды. Оның пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін күшейтіп, елді білімге негізделген экономикаға сенімді түрде жетелейді.




