Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин жаңа Конституция еңбек қатынастары саласындағы азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, еңбек – әрбір азаматтың әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылығының негізі. «Жаңа Конституцияда еңбек адамының мүддесі алдыңғы орынға шығады. Әділ еңбек жағдайы, қауіпсіз жұмыс ортасы және еңбекақының әділетті төленуі – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі», – деді Максим Рожин.
Конституциялық өзгерістер еңбек қауіпсіздігі стандарттарын күшейтуге, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және еңбек заңнамасының орындалуын бақылауға бағытталған. Бұл әсіресе өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету салаларындағы жұмысшылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Максим Рожин жаңа Конституцияның әділ ақы төлеу қағидатын нақты бекітетінін де атап өтті. Оның пікірінше, адал еңбектің лайықты бағалануы – әлеуметтік теңдік пен қоғамдық келісімнің маңызды шарты. «Еңбекақы еңбек көлемі мен сапасына сай болуы тиіс. Бұл – азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыратын фактор», – деді ол.
Сонымен қатар, депутат еңбек қатынастарындағы әлеуметтік диалогтың маңызын ерекше атап өтті. Кәсіподақтар, жұмыс берушілер мен мемлекеттің өзара тиімді ынтымақтастығы еңбек саласында тұрақты әрі әділ жүйе қалыптастыруға жол ашады.
Қорытындылай келе, Максим Рожин жаңа Конституция еңбек құқығын қорғауды күшейтіп қана қоймай, еңбек адамының қадір-қасиетін арттыруға бағытталғанын айтты. Бұл өзгерістер Қазақстанда әлеуметтік әділеттілікке негізделген, қауіпсіз әрі тұрақты еңбек ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.




