Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуін тежеу – бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдар қызметінің басым бағыттарының бірі болып отыр. Тұрғындардың мүддесін қорғау және халыққа күнделікті қажетті өнімдердің баға жағынан қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы сауда нысандарында тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізілуде.
Кезекті сенбілік аралау барысында жауапты мамандар бірқатар дүкендерді тексеріп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары ұсынылатын әлеуметтік бұрыштардың жағдайына назар аударды. Аталған тексерулер барысында өнімдердің қолжетімділігі, баға саясаты және тұтынушылар үшін жасалған жағдайлар қаралды.
Қазіргі таңда қала аумағында 17 әлеуметтік бұрыш тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бұл сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың кеңейтілген тізімі ұсынылады. Атап айтқанда, тауар атауларының саны 19-дан 31-ге дейін ұлғайтылған, бұл тұрғындарға күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қала әкімдігіне тұрғындар тарапынан сөрелерде көрсетілген баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуіне қатысты, әсіресе ірі супермаркеттерде, шағымдар жиі түсіп отырады. Осыған байланысты қаланың орталық бөлігінде орналасқан сауда нысандарының бірінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде сөрелерде көрсетілген бағалар мен кассадағы бағалар арасында айырмашылықтар анықталған жоқ.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына мониторинг жүргізу жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл шаралар бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және тұрғындардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталған жұмыстың басты мақсаты – әрбір қала тұрғынының ертеңгі күнге сеніммен қарап, баға әділдігіне көз жеткізуі және мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты қолдауды сезінуі. Халықтың әл-ауқаты, тыныштығы мен сенімі – жергілікті атқарушы органдар қызметінің негізгі басымдығы болып қала береді.




