Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Халықаралық волонтерлер жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл іс-шара волонтерлік қозғалысты дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Салтанатты шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген волонтерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Ұлытау облысынан іс-шараға 22 делегат қатысып, өңірдегі волонтерлік қызметтің дамуына қосылып жүрген жастар мен белсенді азаматтарды таныстырды.
Шара барысында Мемлекет басшысы волонтерлердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың әлеуметтік мәселелерді шешудегі, азаматтық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын сөз етті. Сонымен қатар, волонтерлік қозғалысты жүйелі түрде қолдау және дамыту – алдағы кезеңдегі басым бағыттардың бірі екені айтылды.
Ұлытау облысының делегациясы Халықаралық волонтерлер жылы аясында өңірде жүзеге асырылатын әлеуметтік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға белсенді түрде атсалысуға дайын. Бұл жастар мен белсенді азаматтардың қоғамға қосқан үлесі өңірдің дамуына елеулі серпін береді.
Халықаралық волонтерлер жылы – қоғамдағы өзара қолдауды нығайтып, азаматтық белсенділікті арттыратын маңызды бастама ретінде ел дамуына жаңа серпін береді.




