Ұлытау облысының аумағында республикалық маңызы бар «Қызылорда–Жезқазған» автожолының 216–424 шақырым аралығында қайта жаңарту жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды түрде жалғасуда.
Аталған жоба жол инфрақұрылымын дамытуға, көлік қатынасын жақсартуға және өңірлер арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда нысанда 4 мердігер ұйым толық жұмылдырылып, құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Жұмыс барысы тұрақты бақылауда.
Жол құрылысы аясында топырақ төсеу, құм-қиыршық тас қоспасын (ПГС) салу, жол негізінің төменгі және жоғарғы қабаттарын дайындау, асфальт-бетон жамылғысының төменгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар су өткізу құбырларын орнату және көпірлерді салу жұмыстары да қатар атқарылуда.
Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлініп, барлық технологиялық талаптар қатаң сақталуда.
Жалпы жоба аясындағы жұмыстар бекітілген мерзімге сәйкес орындалып, жол құрылысының сапалы әрі уақытылы аяқталуы басты назарда тұр.




