Сәтбаев қаласының балалар мен жасөспірімдер кітапханасында "Наурызнаманың" он күндігі аясында аймақтық «Ұлттық тағамдар» көрме-байқауы өтті. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен тағылымды шарада қазақтың ұмыт бола бастаған тағамдары кеңінен таныстырылды.
Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарынан атарылтқан үміткерлер
өздері әзірлеген тағамдардың шығу тарихы мен дайындалу тәсілімен таныстырды.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған аталмыш кітапхана директоры Гүлбану Шахманова қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай игі бастамалардың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
Байқауға қазылық еткен алқа құрамы Қазақстанның Құрметті кітапханашысы, Ұлытау облыстық әмбебап кітапханасының бөлім басшысы Ғалия Ғазизова, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Ағайша Садуақасова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Майра Жаппасбаева, ардагерлер ұйымының төрайымы Каниса Телгозина сынды кіл мықтыдан құралды.
Тағам мәдениеті ұлықталып, аспаздар шеберлігі жан-жақты бағаланған байқау қорытындысында бас жүлдені Жаңаарқа ауданының Байдалы би ауылдық үлгілі кітапханасы жеңіп алды. Бірінші орынды Жезқазған қаласының Теректі кітапханасы иеленсе, екінші орын Сәтбаев қаласының Б.Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен балалар және жасөспірімдер кітапханасына берілді. Ал, үшінші орынды Ұлытау аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен Борсеңгір ауылдық кітапханасы өзара бөлісті.
Жеңімпаздарды мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш марапаттап, арнайы дипломдар мен Алғыс хаттар табыстады




