Бақытгүл туралы бірер сөз. Ол - Жезді кентінің тумасы. Қазір Сәтбаев қаласында тұрады. Он саусағынан өнер тамған шебер. 2013 жылы Жезқазған қаласында алғаш рет «Хрустальды әуендер» тақырыбымен 100-ден астам хрусталь тастан жасалған кескіндемелерін көрсеткен. 2024 жылы Сәтбаев қаласында өткен «Ең әдемі киім -Ұлтымның киімі» байқауында бас жүлдегер атанды. 2025 жылы Жезқазған қаласында « Ұлттық киім - ұлт бейнесі» атты дәстүрлі және заманауи ұлттық киімдер фестиваліне қатысты. Сол жылы Сәтбаев қаласында өткен «Киелі кимешек» қалалық фестивалінде 1 орын иеленді.
Ал, Бақытгүл қол өнер әлеміне қалай келді? Бұл орайдағы оның өзіндік ерекшілігі қандай?
Әкесі Қали Балғабаев аудандық деңгейдегі басшы қызметте болды. Бірақ, қандай лауазымда жүрсе де ата-бабасынан дарыған ісмерлікті, ұсталық, шеберлікті ұмыт қалдырмады. Замандастары оның қолының қай шаруаға да ұсынақтылығын, ағаштан жиһаз жасайтын, аң терісін илеп, содан бас киім, тон тігіп ала беретін ерекшелігін бүгінде әдемі естелік етіп айтады. Анасы Тыныштық Сейтбекова да ауруханада акушера бола жүріп, қолынан қайшысы түспейтін, тоқыма тоқып , құрақ құрап , көйлектерін өзі тігіп киетін жан еді. Демек, Бақытгүлге шеберлік ата-анасы арқылығы дарыған.
Дегенмен, өз бойындағы табиғи талантты адам әдетте елей қоймайды. Бірақ, әлдебір жағдайлар сол таланттың көзін ашуға , одан әрі дамытуға себеп болып жататынын да – өмірдің заңдылығы.
1996 жылы әке мен шешеден қатар айрылу Бақытгүлдерге оңайға соқпады. Қатшылық пен қымбатшылық қысып тұрған кез. Тапқан табыс тамақ пен бауырларының киім – кешегінен ауыспайтын. Ал, өзінің бойжетіп қалған кезі емес пе, әдемі киінгісі, жарқырап жүргісі келеді. Бірақ, қол - қысқа. Міне, сол кезде оған «Неге анамның сандығын ақтарып көрмеске?» деген ой келді. Сөйтіп, анасының сандығында жатқан шүберектерді шығарып, көйлек тігуге кірісті. Қараса, әп – әдемі. Көшеге киіп шықса, «қайдан алғансың?» деп сұрайтындар көбейді. Содан бері, Бақытгүл қолынан ине тастамайтын болды. Ал, кейбір жетістіктерін сөздің басында айтып та өттік.
Атадан бүгінге жеткен өнер ертеңге жалғасын тапқаны жөн. Бұл орайда Бақытгүлдің ұл – қыздарының қолдары да өнерлі. Айталық, ұлы Ескендір Ұлытау облысындағы ең жас бизнесмен атанып, Сәтбаев қаласы әкімінің «Тәуелсіздік ұрапақтары» грантын жеңіп алды. Сол грантқа арнайы станок сатып алды. Қазір ол – студент. Алшақтау жүрсе де анасына қажетті дизайндерді жасап беріп отырады. Ол сондай – ақ, еліміздің калаларының балабақшаларын, мектептерін ағаштан жасалған ұлттық бұйымдармен қамтамасыз етіп жүр.
Жездідегі көрмеге ұсынылған ағаштан жасалған жеңіл киіз үй жабдықтары, киімдерге салынған оюларды лазерлі станокта дайындаған да сол – Ескендір Ардақұлы.
Көрменің ашылуында Бақытгүл қазақ әйелі киетін киімдердің сонау бүлдіршін кезеңнен кимешекті әжеге дейін үлгісін көрсетті. Қолөнер бұйымын жасауға машықтанған қыздары Малика мен Камила этнотүйреуіштер жасаудың шеберлік сағатын өткізді.
Бауыры Мейіржанның қызы Қалиланың майлы бояумен салған суреттері де көрмеге қойылды.
Бақытгүл әрбір жасайтын туындысының тарихына үңіледі. Айталық, кимешек жасайтын болса, қай жастағы әйелге қандайы дұрыс соған мән береді.
- Қазақтың ою – өрнегі де, киім үлгілері де тұнып тұрған философия және әдет – ғұрып, салт – дәстүр. Сәукелені алсақ, мұны тұрмысқа шыққан кезде ғана киген. Кимешектің де сан түрі бар. Сол кимешекке қарап – ақ бұрынғы кезде олардың жас мөлшерін де, қоғамдағы орнын да айтпай - ақ біліп отырған.Өзім жасайтын бұйымдарға Ұлытауға тән оюлар - тау , қызғалдақ оюларын қолданамын. Сырмақ , т.б. киіз үйге тән бұйымдарға жеріміз Жезкиіктің өлкесі деп аталатындықтан - киелі жануар киіктің түсін таңдаймын – дейді Бақытгүл.
Ол Қазақстан этномұражайына қойылған Орталық Қазақстан әйелдерінің баскиім үлгілерін көріп, соны қайта жаңғыртты. Мысалы, ол тігіп шыққан қасаба аталған музейде тұрған қасабаның тұп –тура көшірмесі. Бақытгүл шебердің ерекшелігі де сол, ол ескіні бүгінмен осылайша әдемі үйлестіре біледі.
Жезді – Қарсақбай жұртшылығы төркіндей келген қыздарын кереметтей күтіп алды.

Көрменің ашылуына Қарсақбай кентінің Мәдениет үйінің «Ақ әжелер» тобы ат арылтып арнайы келді. Жезді кенті Мәдени – сауық орталығының әнші, домбырашылары мен «№6 ТМ ресурстық орталық ММ» ұстаздары қолдау көрсетіп, іс-шараны күймен, әнмен әрледі. Жезді кентінің әкімі М.Жұмабек, кент Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Т. Рақымбеков, еңбек ардагері Ш. Үмбетов және т.б. құттықтау сөз сөйледі. Бақытгүл Балғабаеваға аудан әкімінің Құрмет грамотасы және біршама қолөнершілерге кент әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді. Әрине, бұл өнерге деген құрметтің белгісі. Бақытгүл Қалиқызы осындай көрме ұйымдастырып, құрметке бөлеген жерлестеріне шынайы алғыс сезімін білдірді.
Тоқсанның төріне шыққан кейуана, кезінде аймаққа танымал тігінші болған Орынбай әже Мырзабаева Бақытгүл қызына ақ батасын берді.
Этнографиялық айлық шеңберінде «Он саусақта-он өнер» көрмесі ай соңына дейін жалғасады.
Абдолла Нұртауұлы




