Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласындағы ірі сауда нысандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына қатысты мониторинг жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және өңірдегі тұтыну нарығында баға тұрақтылығын қамтамасыз ету.
Мониторинг барысында халық күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдерінің бағалары жан-жақты зерделенді. Атап айтқанда, белгіленген шекті сауда үстемесінің сақталуы, бағаның негізсіз қымбаттау деректерінің бар-жоғы және баға қалыптастыру талаптарының орындалуы тексерілді. Нәтижесінде сауда орындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңнама талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.
Айта кету керек, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында баға қалыптастырудың барлық кезеңдерін қамтитын делдалдық схемаларды зерделеу жөніндегі арнайы комиссия тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Аталған комиссия өндірушіден соңғы тұтынушыға дейінгі баға тізбегін бақылауда ұстап, заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша комиссия 47 отырыс өткізіп, сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 221 әкімшілік шара қабылдады. Оның ішінде 53 кәсіпкерге ескерту беріліп, қалған жағдайларда заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылды. Сонымен қатар тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында 136 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болады.




