Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында елімізде фармацевтика саласын дамыту және отандық өндіріс үлесін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта Үкімет бірқатар ірі инвестициялық жобаларды мақұлдап, фармацевтикалық өндірістерді локализациялау жөніндегі маңызды шешімдер қабылдады.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен «АлтИНФАРМ» ЖШС, «МСП-РОМФАРМ» ЖШС, «Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС және «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ арасында инвестициялар туралы келісімдер жасасу мақұлданды. Бекітілген жобаларға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі 173 млрд теңгені құрайды. Тиісті қаулыларға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттарды қоса алғанда, 356 түрлі дәрі-дәрмек өндірісін Қазақстан аумағында локализациялау көзделіп отыр. Өндірілетін өнімдер қатарына онкологиялық және қант диабетін емдеуге арналған дәрілер, иммунобиологиялық, вирусқа қарсы, антианемиялық, ауырсынуды басатын, қабынуға қарсы, суық тиюге қарсы және микробтарға қарсы препараттар кіреді.
Жаңа фармацевтикалық кәсіпорындар Алматы қаласында, сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстарында орналасады. Бұл өңірлерде заманауи өндірістік инфрақұрылым қалыптастырып, жоғары технологиялы жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, «АлтИНФАРМ» ЖШС Алматы қаласындағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында фармацевтикалық зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаға 58,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 54 дәрілік зат түрі өндірілмек, оның 35-і әлеуметтік маңызы бар препараттар санатына жатады. Жоба аясында 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Алматы қаласында жүзеге асырылатын тағы бір жоба — «Нобел Алматы фармацевтика фабрикасы» АҚ-ның халықаралық GMP стандарттарына сай фармацевтикалық кешен салу бастамасы. Инвестиция көлемі 39,2 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 53 дәрілік зат өндіріліп, кемінде 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Абди Ибрагим Глобал фарм» ЖШС Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құруды жоспарлап отыр. 39 млрд теңге инвестиция тартылатын жоба аясында 76 түрлі дәрі-дәрмек шығару және 150 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында және Алматы облысында «МСП-РОМФАРМ» ЖШС жоғары технологиялы фармацевтикалық зауыт салуды жүзеге асырады. Жобаның инвестициялық көлемі 36,7 млрд теңгені құрап, 101 түрлі дәрілік зат өндірілмек. Нәтижесінде шамамен 265 жұмыс орны ашылады.
Жалпы алғанда, аталған инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы 675-ке жуық жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Зауыттардың салынуы мен іске қосылуы отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және халықты сапалы әрі қолжетімді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұл бастамалар дәрі-дәрмек қауіпсіздігін күшейтіп, елдің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына серпін беретін маңызды қадам болып табылады.




