Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, өнерге деген қызығушылығын арттыру және дарынды балаларды қолдау мақсатында “The Musical Show” республикалық фестивалі ұйымдастырылды. Аталған байқау – оқушыларға арналған республикалық өнер фестивалі ретінде еліміздің түрлі өңірлерінен келген жас таланттарды бір алаңға тоғыстырды.
Фестиваль барысында қатысушылар вокал, би, сахналық қойылым және музыкалық өнер бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Жас өнерпаздар сахнада шығармашылық шеберліктерін көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Байқау жас таланттардың өнер жолындағы алғашқы қадамдарын нығайтып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталды.
Іс-шара аясында қатысушыларға тәжірибе алмасу, жаңа достар табу және кәсіби мамандардан кеңес алу мүмкіндігі ұсынылды. Сонымен қатар, фестиваль жас өнерпаздардың сахна мәдениетін қалыптастыруға және өнер саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Балалар мен жасөспірімдер қозғалысын үйлестіру бөлімінің әдіскері Меруерт Тұрғалиқызы фестивальдің маңыздылығына тоқталып өтті.
Оның айтуынша, мұндай республикалық деңгейдегі өнер байқаулары балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың өз мүмкіндіктерін көрсетуіне және болашақта үлкен сахнаға қадам басуына зор ықпал етеді.
– “Мұндай фестивальдер балалардың болашағына оң әсер етеді. Өнерге қызығушылығы бар жасөспірімдер өз талантын шыңдап, тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, республиканың түкпір-түкпірінен келген қатысушылар бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасады. Бұл олардың шығармашылық тұрғыдан дамуына және өзіне деген сенімін арттыруға үлкен мүмкіндік береді,” – деді Меруерт Тұрғалиқызы.
Фестиваль қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай өнер байқаулары алдағы уақытта да жалғасын тауып, жас таланттарды қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүзеге асатынын атап өтті.




