ҚОС ӨҢІРГЕ ТӘН БАТЫР

Жаңалықты бөлісіңіз:

Сұрапыл соғыста көзсіз ерлігімен танылған Кеңес одағының батыры, аға сержант Амантай Дәулетбеков 1917 жылы 10 қарашада Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында туған. Тағдырдың жазуымен әскер қатарына Жамбыл облысының Талас ауданынан шақырылған. «Жақсыға талас көп» демекші, батыр есімін бүгінде екі аудан да қатар иемденіп жүрген жайы бар.
Ел басына төнген ашаршылық нәубетінен, одан қалды саяси жүйенің зорлық-зомбылық зардабынан отызыншы жылдары Түгіскен өңірі тұрғындарының басым бөлігі Бетбақдаланың шөлі мен құмынан асып, оңтүстікке қарай үдере көшкені өлке тарихынан белгілі. Бұл оқиға туралы ақын Ғалым Жайлыбайдың «Тама көшкен» деген поэмасы да бар. Сол көшкендердің арасында Амантайдың да отбасы болды. Жаңа жерге орныға бергенде тағдыр Амантайды ата-анасынан ерте айырды. Бұдан соң ол ағайындарына ере отырып, Талас ауданының Майтөбе ауылына көшіп барады. Мектептің 7-сыныбын бітірген соң зооветтехникумда оқып, ауылда зоотехник болып жұмыс істейді. Ол 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, жауынгерлік жолын Қиыр Шығыста бастайды. Соғыс басталғаннан кейін дайындықтан өткен оны 1942 жылы Брянск майданына жібереді. Онда 13-Армияға қарасты танкілерге қарсы 1180-полктің артиллериялық тобының командирі болып, алғы шептегі талай шайқастарға қатысады.


Орлов облысындағы Ливны мен Касторной аудандарындағы кескілескен ұрыстардың бірінде ерлік көрсеткен А.Дәулетбеков «Ерлігі үшін» медаліне ие болады. Ал, тағы бір көзсіз ерлігі үшін 1943 жылы 25 қаңтарда Қызыл жұлдыз орденімен марапатталады. Сол жылдың жазында Орёл мен Курск теміржолдары арасындағы Поныров қалашығы түбіндегі ұрыста Амантайдың тобы жау әскерінің қоршауында қалады. Қысылтаяң шақта зеңбірекшілер командирі қоршауды бұзып шығуға әрекет жасайды. Амантай артиллерия зеңбірегі жанында екі адамнан қалдырып, оқтары таусылған жауынгерлерді бастап танкілерге ілескен дұшпанның жаяу әскерімен қоян-қолтық ұрысқа шығады.
Курск доғасында ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен Амантай басқарған артиллериялық есеп тобының жаумен осы шайқасы туралы мұрағатта сақталған 1180-артиллерия полкінің командирі, подполковник Мац қол қойған құжатта былайша баяндалады: «… Ұрыс екі сағатқа созылды. Жау әскерлері 13-ші рет шабуылға шықты, бар ойлары жолдарына кедергі келтіріп тұрған Дәулетбеков расчетын құрту болатын. Бірақ ол жауынгерлерімен жаудың алға ұмтылған «Су-7» маркалы 10 танкісін, бір ротадай жаяу әскерін жойып жіберді. Жау одан бетер ызаланып, батырдың зеңбірегін таптап кетпекші болды. Небәрі төрт-ақ адамы қалған зеңбірек пен оның расчетін құртуға дұшпандар 14 рет оқталды. Біздің жауынгерлердің снарядтары бітуге айналды. Танктер мен автоматшылар зеңбірекке 150 метрдей жақын келді. Жаудың дәл тиген снарядынан Дәулетбековтің зеңбірегі мүлдем істен шықты. Осындай қысылтаяң шақта Дәулетбеков табандылық танытты. Тірі қалған төрт жауынгер оның бұйрығы бойынша орындарынан тұрып, жаудың жаяу әскеріне қарсы ұмтылды. Оқтары таусылған жауынгерлер қоян-қолтық ұрысқа көшті. Осы жағдайдың өзінде Амантай 4 фашисті мұрттай ұшырды. Бірақ оның өзіне де оқ тиді…». Командованиенің келтірген тағы бір жазбасындағы деректерде аға сержант А.Дәулетбековтің зеңбірегі жаудың 29 танкін, 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскері мен 40 автоматшының көзін жойған екен. Әскери қолбасшылық 1943 жылдың 9 шілдесінде дұшпандармен арыстанша алысып, ерлікпен қаза тапқан батырдың ерлігін лайықты бағалады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылдың 24 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы «Алтын жұлдыз» медалімен қоса берілді. Оның есімі Курск түбіндегі шайқаста ерлікпен соғысып, қаза тапқан батырлармен бірге Ресейдің Поныров ауданындағы мемориалдық кешенде алтын әріппен жазылған.
Бүгінде өмірінің аздаған жылын өткізген Жамбыл облысы Талас ауданы Майтөбе ауылындағы орта мектепке батыр А.Дәулетбековтің есімі беріліп, мектеп алдына бюсті орнатылған. Сондай-ақ атында көше бар. «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, жамбылдық Бекқұлы Әлі қос өңірге ортақ батыр Амантай Дәулетбеков туралы деректер іздеуде көп жұмыстар атқарды. Ресейдегі Поныров ауданындағы жауынгерлердің әскери даңқ зираттарына да барды. Амантай отбасын құрып үлгермеген, бірақ туған-туыстарынан тараған немере-шөбере ұрпақтары бар. Әкесі Дәулетбекпен бірге туған Әбіштің немересі Оңал Әбішева батыр атасы жатқан бауырластар зиратына туған жерден бір уыс топырақ апарып, туған-туысқандарының аманатын орындады. Жаңаарқалық ардагер дәрігер Роза Бисенова да батыр есімі тасада қалмасын деп баспасөз бетінде деректерін қамтыған мақалалар жазып жүр.
Туған өңірі Жаңаарқа ауданының орталығында да А.Дәулетбековтің атына көше берілген, батырдың кеуде мүсін ескерткіші орнатылған. Музейде құжат деректері мен баспасөзде жарияланған материалдары сақтаулы. Аудандағы Даңқ алаңындағы мемориалдық ескерткіш тақтаға есімі жазылған Амантай батырдың рухына жыл сайын Жеңіс күнінде жаңаарқалықтар тағзым етіп, құрмет көрсетеді. Ендігі кезекте, жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының басшылығы мен жұртшылығы да ерен ерлігімен есте қалған батыр есімін жатсынбай, ізгі шараларға арқау етіп, елеп-ескергендері жөн болар деп ойлаймыз.
Амандық РАХҰЛЫ

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *