Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігі алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Агенттік өз қызметінде Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Ішкі істер министрлігі және өзге де құқық қорғау органдарымен тығыз әрі үйлесімді әрекет етуі қажет.
Президент құзыреттік міндеттердің қайталануы мен жөн-жосықсыз бәсекенің мемлекет мүддесіне кері әсер ететінін ескертті. Әсіресе қазіргі әлемдегі стратегиялық белгісіздік жағдайында мұндай келеңсіздіктердің аса қауіпті екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау – барша мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін баса айтты.
– «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Бұл қағиданы әрбір қызметкер, әрбір азамат жадында ұстауы тиіс. Агенттік қызметкерлері ең алдымен адал азамат, кәсіби білікті маман болуы қажет. Ар тазалығын сақтау және Отан алдындағы антқа адал болу – басты парыз, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп» қағидаты жай ұран емес, әрбір мемлекеттік қызметшінің жеке жауапкершілігінен басталуы тиіс екенін жеткізді. Президент елімізде Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза және Озық Қазақстан құру жолында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Қазіргі таңда конституциялық реформа қолға алынып, арнайы комиссия белсенді жұмыс жүргізуде. Барлық ұсыныстар жан-жақты сараланып, түзетулер жобасы әзірленеді. Бұл жобаны халық референдум арқылы түбегейлі шешеді. Нәтижесінде елде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады.
Мемлекет басшысы ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау, инвестициялық ахуалды жақсарту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғасатынын айтты.




