ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина жаңа Конституцияның елдегі парламенттік жүйені дамытудағы маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстанда жетілдірілген парламенттік мәдениетті қалыптастыруға негіз болады. Бұл өзгерістер заң шығарушы биліктің рөлін күшейтіп, билік тармақтары арасындағы өзара тепе-теңдік пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Ольга Перепечина Конституциялық реформалар аясында Парламенттің өкілеттіктері кеңейіп, депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті. Оның пікірінше, бұл халықтың саяси процестерге деген сенімін күшейтіп, ашықтық пен есептілік қағидаттарын орнықтырады.
Сондай-ақ Сенат Төрағасының орынбасары жаңа Конституцияда құқықтық мәдениетті дамытуға, заң шығару үдерісіне азаматтық қоғамды кеңінен тартуға ерекше мән берілгенін жеткізді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік шешімдердің сапасын арттырып, қоғамдық диалогтың нығаюына ықпал етеді.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы елімізде демократиялық институттарды жетілдіруге, парламенттік басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды құжат ретінде қарастырылуда.




