Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар азаматтық қоғамды нығайтуға және тұрақты даму қағидаттарын институционалдық деңгейде бекітуге бағытталған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Вера Ким жаңа Конституция волонтерлік қызмет пен экологиялық мәдениетті қоғам дамуының маңызды тетігі ретінде айқындайтынын атап өтті.
Депутаттың айтуынша, волонтерлердің белсенділігі – қоғамдағы жауапкершілік пен өзара сенімнің айқын көрінісі. «Жаңа Конституция азаматтардың қоғамдық өмірге ерікті түрде қатысуын қолдайды. Бұл волонтерлік қозғалысты тек әлеуметтік бастама емес, ел дамуына үлес қосатын маңызды институт ретінде тануға мүмкіндік береді», – деді Вера Ким.
Сонымен қатар, экологиялық мәдениеттің конституциялық деңгейде мойындалуы табиғатқа ұқыпты қарау, қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды жауапты пайдалану қағидаттарын күшейтеді. Вера Кимнің пікірінше, бұл нормалар экологиялық жауапкершілікті жеке адамның міндетінен қоғамдық құндылық дәрежесіне көтереді.
«Тұрақты даму тек экономикалық өсіммен шектелмейді. Ол азаматтардың белсенділігіне, экологиялық сана-сезіміне және қоғамның ортақ жауапкершілігіне негізделуі тиіс», – деп атап өтті депутат.
Волонтерлік қозғалыс пен экологиялық бастамаларды қолдау жастардың азаматтық белсенділігін арттырып, әлеуметтік жобалардың тиімді іске асуына жол ашады. Бұл өз кезегінде қоғам мен мемлекеттің серіктестігін нығайтып, ұзақмерзімді дамудың берік негізін қалайды.
Қорытындылай келе, Вера Ким жаңа Конституцияны азаматтық бастамаларды, волонтерлік қызметті және экологиялық мәдениетті қолдауға бағытталған стратегиялық құжат ретінде бағалады. Оның айтуынша, бұл өзгерістер Қазақстанда қоғамның қатысуына сүйенген, экологиялық жауапкершілігі жоғары және тұрақты даму моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.




