Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар елдің ұзақмерзімді дамуының негізгі бағдарларын айқындап берді. Философия, саясаттану және дінтану институтының басшысы Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – адами капиталды дамытуға, ғылым мен инновацияны стратегиялық басымдық ретінде бекітуінде екенін атап өтті.
Сарапшының пікірінше, заманауи мемлекет тек табиғи ресурстарға немесе экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, ең алдымен білімді, шығармашыл және жауапты азаматтарға сүйенуі тиіс. «Жаңа Конституция адамның әлеуетін мемлекеттің басты құндылығы ретінде қарастырады. Бұл – білім сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді қолдау және инновациялық ойлауды ынталандыру үшін берік құқықтық негіз», – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Конституциялық нормаларда ғылым мен білімнің дамуы мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітілуі қоғамның интеллектуалдық әлеуетін күшейтуге жол ашады. Бұл, өз кезегінде, жоғары технологиялар, цифрландыру және инновациялық экономика қалыптастыру үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, адами капиталға басымдық беру – әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты дамудың де маңызды шарты. «Ғылым мен инновацияны қолдау арқылы мемлекет жастарға, зерттеушілерге және шығармашыл мамандарға жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Бұл – тек экономикалық өсім емес, қоғамның сапалық жаңғыруы», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, жаңа Конституция білім мен ғылым саласындағы жауапкершілікті күшейтіп, мемлекет пен қоғамның ортақ міндетін айқындайды. Бұл өзгерістер Қазақстанды білімге негізделген, зияткерлік әлеуеті жоғары ел ретінде орнықтыруға бағытталған.
Қорытындылай келе, Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституцияны адами капиталды дамытуға, ғылым мен инновацияны қолдауға негізделген стратегиялық құжат деп бағалайды. «Бұл – Қазақстанның болашағына салынған инвестиция, өркениетті және бәсекеге қабілетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам», – деп түйіндеді ол.




