Тазалық – адам мәдениетінің, қоғам өркениетінің айнасы. «Тазалық тәртіптің бастауы» деген нақыл сөздің мағынасы тереңде жатыр. Себебі тазалық бар жерде тәртіп, жауапкершілік, ұқыптылық қалыптасады. Ал тәртіпті ортада өскен ұрпақ ел болашағына бейжай қарамайды. Кішкентай ғана игі іс үлкен жауапкершілікке бастайтыны да осыдан.
Бүгінгі таңда елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – жарқын болашаққа бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, жас ұрпақтың санасына тазалық пен еңбексүйгіштік ұғымын сіңіреді. Ұлытау ауданына қарасты №15 Қарсақбай мектебінде де бұл бастама кең қолдау тапты. Мектеп ұжымы мен оқушылары бірігіп, аула тазалау, ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптау сияқты пайдалы істерді тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Осындай қарапайым көрінетін жұмыстар оқушыларды жауапкершілікке, ұжыммен жұмыс істеуге және туған жерін сүюге тәрбиелейді. Әрбір тазаланған аула, әрбір егілген ағаш – болашаққа жасалған нақты қадам. Себебі табиғатты аялау – өз өмірімізді, денсаулығымызды қорғау деген сөз.
№15 Қарсақбай мектебіндегі «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар ауыл тұрғындарына да үлгі болып отыр. Бұл – мектеп пен қоғамның бірлесе әрекет етуінің жарқын көрінісі. Тазалықты бүгіннен бастау – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі. Елге пайдасы тиетін іс әрқашан кішкентай қадамнан басталады, ал сол қадамды жасау – әр азаматтың борышы.




