Қаражал қаласында белсенді жастар ұзақ уақыттан бері волонтерлік қызметті тұрақты түрде жүзеге асырып, ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетіп келеді. Бұл игі істің негізгі бағыттарының бірі – жалғызбасты қарттарға қолдау білдіру.
Жуырда қала жастары әртүрлі ұлт өкілдерімен бірлесіп, қарт адамдардың тұрғын үй ауласын тазалау жұмыстарына атсалысты. Волонтерлер бұл жолы тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қарттарға шынайы қамқорлық, жылы қарым-қатынас пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал қарт жандар өз кезегінде жастарға ақ батасын беріп, өмірлік тәжірибеден туған дана кеңестерімен бөлісіп, қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлылық мәдениетін танытты.
Бұл оқиға – Қаражал қаласында әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы достық пен келісімнің, өзара сыйластық пен ынтымақтастықтың айқын көрінісі. Тіл мен дәстүрдегі айырмашылықтарға қарамастан, ортақ мақсат – бір-біріне қолдау көрсету мен қоғамға пайдалы болу баршаны біріктіріп отыр.
Осындай ізгі бастамалар шынайы қамқорлық пен адамгершіліктің қоғамдағы байланысты нығайтып, қаланың бірлікке, жылулыққа және өзара түсіністікке толы екенін көрсетеді.




