МӘҢГІЛІК АЛАУ – МӘҢГІ ӨЛМЕСТЕРІМ !
Тұқымы бөлек – текті өскендерім,
Қиянатпенен кектескендерім.
Бозбала шақта бойжеткен емес,
Бейнетпен бірден беттескендерім.
Қыршыннан кетті қанша армандарың?
«Жеңіс» деп жұртқа жар салғандарым.
Рейхстаг үстінде Рахымжан болып,
«Дариға сол қыз» деп ән салғандарым.
Жастық шақтары тоналғандарым,
Қасіретпенен қол алғандарым.
Тамаша аяқпен елінен кетіп,
Ағаш аяқпен оралғандарым.
Қатары қазір сирегендерім,
Түссе де отқа күймегендерім.
Мәскеуді қорғап мүгедек болып,
Киевті қорғап күйрегендерім.
Жалынды жұтып, шоқ құсқандарым,
Бүгінде , рас, жоқ дұшпандарың.
Көз көрген үшін қол ұшын беріп,
Өзге елдер үшін оққа ұшқандарым.
Уралап алға ұмтылғандарым,
Қоғадай болып қырқылғандарым.
Асатов болып аспаннан шүйіліп,
Бұлқышев болып бұлқынғандарым!
Мәңгілік алау – мәңгі өлместерім,
Жауын құлатпай жан берместерім.
Берлинге дейін белдігін шешпей,
Керзі етікпенен қан кешкендерім.
Қайыспас қайсар қарт емендерім!
Сыйлайды қазақ халқы ерендерін.
Тарихқа мәңгі жазыласыңдар,
Қарт емендерім – мәртебем менің!
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.