Ұлытау облысы білім басқармасына қарасты «Сәтбаев индустриялық колледжі» КММ-де ел болашағына арналған мазмұнды кездесу өтті. Жиынға колледж ұжымы, қоғамдық ұйым өкілдері мен партия белсенділері қатысып, еліміздің даму бағыты мен конституциялық өзгерістер төңірегінде пікір алмасты.
Кездесу барысында ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, заң үстемдігін күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру секілді маңызды мәселелер қозғалды. Қатысушылар еліміздің іргелі құндылықтары – тәуелсіздік, бірлік, әділеттілік және жауапкершілік қағидаттарына ерекше тоқталды.

Пікірталас форматында өткен жиында әрбір азаматтың мемлекет дамуына қосар үлесі зор екені айтылды. Себебі кез келген саяси реформа халықтың қолдауымен ғана жүзеге асады. Жаңа бастамалар қоғам тарапынан мұқият сараланып, саналы түрде қабылдануы қажет екені де атап өтілді.

Сонымен қатар тұрғындарға ресми ақпарат көздеріне сүйенудің маңыздылығы түсіндірілді. Конституциялық өзгерістерге қатысты нақты және толық мәліметтер арнайы ақпараттық платформаларда жарияланып, көпшілікке қолжетімді болуда. Бұл – ашықтық пен жариялылық қағидаттарының көрінісі.
Кездесу қорытындысында қатысушылар елдің болашағы әр азаматтың белсенділігіне байланысты екенін жеткізді. Әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолында ортақ жауапкершілік пен бірлік аса маңызды.
Ел тағдырына бейжай қарамай, қоғамдық үдерістерге белсенді қатысу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.




