Елімізде Конституциялық реформа жобасына қатысты кең қоғамдық талқылау жүріп жатыр. Бұл – Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы мемлекеттік құрылымы мен даму бағытын айқындайтын маңызды кезең.
Мен, Қазақстан азаматы әрі спортшы ретінде, ұсынылып отырған бастамалардың маңызын терең түсінемін және мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған жүйелі жаңғыру бағытын қолдаймын. 2022 жылы басталған Әділетті Қазақстан құру жолындағы өзгерістер бүгін өз жалғасын тауып отыр. Бұл – күрт бетбұрыс емес, мемлекет тұрақтылығын арттыруға және қоғам сенімін нығайтуға бағытталған дәйекті үдеріс.
Келесі кезеңдегі реформалар ең алдымен азаматтардың мүддесін білдіретін институттардың рөлін күшейтуге бағытталған. Спортта үлкен жетістікке жету үшін тәртіп, командалық рух және ортақ ережеге құрмет қажет. Дәл осы қағидаттар мықты мемлекеттің де негізін құрайды. Жеңіс бір күнде келмейді – ол табандылық пен бірліктің нәтижесі. Мемлекеттік құрылыс та осындай жауапкершілік пен жүйелілікті талап етеді.
Президент жауапты әрі жасампаз патриотизмге ерекше мән берді. Бұл – ұран емес, күнделікті адал еңбек. Спорт саласы үшін бұл бұқаралық спортты дамыту, жас дарындарды қолдау, әрбір бала мен әрбір отбасыға спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасау деген сөз.
Ең бастысы – реформалар қоғамдық диалог арқылы жүзеге асады. Әр азаматтың пікірі маңызды әрі естілуі тиіс. Тек осылай ғана ел мүддесіне қызмет ететін тиімді шешімдер қабылданады.
Ұсынылып отырған бастамалар Қазақстанның мемлекеттік негіздерін нығайтып, егемендігін күшейтіп, келешек ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін. Біз сенімге, еңбекке және өзара құрметке сүйене отырып, күшті, әділетті әрі табысты Қазақстанды бірге құрып келеміз.




