Жаңарқа ауданында мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен Жаңа Конституция тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараның басты мақсаты – конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру, құқықтық мәдениетті арттыру және жаңашылдықтарды қызмет барысында тиімді қолдану тетіктерін талқылау болды.
Жиын барысында қатысушылар Конституцияға енгізілетін өзгерістердің негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталды. Әсіресе, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, қоғамдағы әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды. Конституциялық реформалардың ел дамуының жаңа кезеңіне серпін беретіні атап өтілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, ашықтық пен тиімділік қағидаттарын нығайту мәселелері талқыланды. Қызметтік міндеттерді адал әрі сапалы атқару, халықпен кері байланысты күшейту және қоғам сенімін арттыру – басты басымдықтардың бірі екені айтылды.
Дөңгелек үстел ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен ой-пікірлерін білдірді. Мұндай кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, ел болашағына қатысты ортақ жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді.
Жаңа Конституция – жаңару мен дамудың кепілі. Ал оның табысты жүзеге асуы әрбір азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты.




