Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына оң баға берді. Президенттің айтуынша, өңір заман талабына сай өсіп-өркендеп, маңызды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысы өткен жылы облыстың ішкі жалпы өнімінің 6,5 пайызға өскенін атап өтті. Соңғы үш жылда өңірге шамамен 2 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылып, былтырдың өзінде 27 инвестициялық жоба іске асырылған. Бұл көрсеткіштер аймақ экономикасының әлеуеті артып келе жатқанын айғақтайды.
Президент стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі ретінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өтті. Аталған нысан толығымен инвестордың қаржысы есебінен салынған. Жаңа жылу орталығы облыстың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өңірде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілгенін айтты. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Инфрақұрылым саласындағы жетістіктерге тоқталған Президент аймақтағы автокөлік жолдарының жағдайы жалпы алғанда жақсы деңгейде екенін жеткізді. Сондай-ақ облыстың әуе және темір жол инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Қорқыт Ата әуежайында жаңа терминал пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек, Қызылорда қаласындағы тарихи нысандардың бірі – темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмыстары басталған. Бұл шаралар өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, экономикалық дамуына тың серпін береді.
Мемлекет басшысының айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар Қызылорда облысының тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға және өңірдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.




