Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңес барысында 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жан-жақты сараланып, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту салаларында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар мен басым бағыттар таныстырылды.
Жиын барысында облыс әкімі өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету мақсатында алдағы кезеңде бірқатар стратегиялық маңызы бар жобалар жоспарланып отырғанын атап өтті. Өңір басшысы бұл жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болуы қажет екенін айтып, жауапты мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуінің маңыздылығына тоқталды.
Осыған байланысты экономика басқармасына әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын ай сайын бақылап, облыс басшылығына тұрақты түрде ақпарат ұсынып отыру тапсырылды. Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ олардың іске асуына кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерді анықтап, нақты ұсыныстар әзірлеу міндеті жүктелді.
Сонымен қатар жиында жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Облыс әкімі бұл бағытта орын алған бірқатар кемшіліктерді жою қажеттігін атап өтіп, жауапты басқармаға қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қоныс аударушыларды үш жылға дейінгі мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерделеуді тапсырды. Сондай-ақ оңтүстік өңірлерден білікті мамандарды тарту бағытындағы жұмысты жандандырудың маңыздылығы айтылды.
Жиын соңында облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне өз аумақтарында жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар бойынша тұрақты түрде ақпарат алып отыруды және олардың орындалу барысын жеке бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар құрылыс саласына жауапты әкім орынбасарларына өткен жылы жіберілген кемшіліктер үшін тәртіптік жауапкершілік мәселесі қарастырылатыны ескертілді.
Аппарат жиыны өңірдің алдағы даму бағыттарын нақтылап, жауапты құрылымдарға айқын міндеттер жүктеумен қорытындыланды.




