Қазақстанда жаңа Конституция жобасын әзірлеу үдерісі мазмұндық тереңдігімен ғана емес, ұйымдастырылу форматының ашықтығымен де ерекшеленді. Негізгі заңды жаңарту – кез келген мемлекет үшін аса жауапты қадам. Сондықтан бұл жолғы жұмыс кең қоғамдық талқылауға негізделіп, жариялылық пен кәсібилік қағидаттары басты назарда болды.
Жоба алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, сарапшылар қауымдастығының, қоғамдық ұйымдардың және қарапайым азаматтардың талқысына ұсынылды. Әлеуметтік желілерде де қызу пікір алмасу жүрді. Нәтижесінде тұрғындардан 10 мыңнан астам ұсыныс түсті. Бұл – қоғамның ел дамуының стратегиялық құжатына деген жоғары қызығушылығын көрсететін нақты көрсеткіш.
Ұсыныстардың мазмұны әртүрлі болды: кейбірі техникалық сипатта болса, енді бірі тұтас баптардың мазмұнына қатысты пікірлерді қамтыды. Барлық ұсыныстар сараланып, орынды деп танылған өзгерістер жобаның түпкілікті нұсқасына енгізілді. Осылайша, қоғамдық пікір нақты нәтижеге әсер етті.
Кеше Конституция жөніндегі комиссияның 12-ші және соңғы отырысы өтті. Бұл жиында құжаттың әрбір бабы тағы бір мәрте талқыланып, соңғы редакциясы пысықталды. Отырыс барысында терең талқы-таразы жүріп, қызу пікірталастар болды. Әр сөз майшаммен қаралып, кейбір тұжырымдарға қатысты түрлі мамандар арасында кәсіби деңгейде дау туындады.
Бұл – формалды рәсім емес, мазмұн үшін күрес болғанын көрсетеді. Себебі Конституция мәтініндегі әрбір сөз құқықтық норманың бағытын айқындайды. Сондықтан терминологиялық дәлдікке, құқықтық үйлесімділікке және идеологиялық тұтастыққа ерекше мән берілді.
Негізгі отырыстармен қатар, арнайы жұмыс топтары тұрақты түрде еңбек етті. Идеологиялық, терминологиялық және заңдық бағытта жұмыс істеген топтар күн сайын мәтінді жетілдіріп отырды. Конституционалист ғалымдар, тәжірибелі заңгерлер, құқықтанушылар мен тіл мамандары жобаның сапалы әрі мазмұнды болуына өз үлесін қосты.
Әртүрлі өңірлер мен кәсіби салалардың өкілдерінің қатысуы ұсынылған өзгерістердің жан-жақты қаралуына мүмкіндік берді. Бұл тәсіл құжаттың теңгерімді әрі қоғам сұранысына сай болуын қамтамасыз етті.
Қорытындысында Конституциялық комиссия жаңа Конституцияның түпкілікті жобасын Мемлекет басшысына ұсынды. Президент комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтіп, кәсіби тұрғыда еңбек еткен мүшелеріне алғыс білдірді.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – конституциялық реформаның соңғы әрі шешуші кезеңі.
Жаңа Конституцияны қабылдау бүкілхалықтық референдум арқылы жүзеге асады. Бұл қадам Негізгі заңның шынайы легитимділігін қамтамасыз етеді. Себебі Конституция – биліктің ғана емес, бүкіл халықтың келісімімен бекітілетін құжат.
Осы үдеріс мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен серіктестікті нығайта түсті. Ашық талқылау, ұсыныстарды ескеру, кәсіби сараптама – мұның бәрі реформаның мазмұнына деген сенімді арттырды.
Жаңа Конституция жобасы – мемлекет пен қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Онда азаматтардың ұсыныстары, сарапшылардың талдауы және кәсіби құқықтық бағалау тоғысты. Бұл – елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңін айқындайтын құжат.
Алдағы 15 наурыз – тарихи күн болмақ. Енді еліміздің жаңа Конституциясын сіз бен біз болып бірге қабылдаймыз. Бұл – тек құқықтық актіні бекіту ғана емес, Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын ортақ таңдау.




