Салынып жатқан нысандарды кезекті аралау аясында құрылыс бөлімінің мамандары Сәтбаев қаласының 6-шағын ауданында орналасқан бірқатар маңызды тұрғын үй нысандарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Атап айтқанда, Абай көшесі 3/1 және 3/2 мекенжайларында бой көтеріп жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс алаңдары тексерілді.
Аралау барысында мамандар құрылыс жұмыстарының сапасына, бекітілген кестеге сәйкес орындалуына және техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударды. Қазіргі таңда нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Мердігер ұйым өкілдерімен атқарылған жұмыстардың кезеңдері, алдағы жоспарлар және құрылыс қарқынын одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.
Жаңа тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынып, болашақта қала тұрғындарына жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілетін бұл үйлер тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.
Аталған жобалар Сәтбаев қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға, халықты қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз етуге үлкен үлес қоспақ. Жаңа үйлер пайдалануға берілген соң, ондаған отбасы үшін қуанышты жаңалық болары сөзсіз.
Құрылыс жұмыстары тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында және белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта да қала аумағында әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы кезең-кезеңімен жалғасын табады.




