2025 жылғы 23 желтоқсанда Астана қаласындағы “EXPO” халықаралық көрме кешенінде, AlemAI күмбезі астында даңқты қолбасшы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған салтанатты плац-концерт ұйымдастырылды.
Аталған мәдени-рухани шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі мен рәсімдік бөлімшесінің қатысуымен өтті. Іс-шараның басты мақсаты — ел тарихында өшпес із қалдырған батыр тұлғаның ерлігін дәріптеу, оның өнегесін жас ұрпақтың санасына сіңіру.
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы Бауыржан Момышұлын қазақ халқының қаһарман ұлы ретінде әрдайым құрметтеп, оның ерлігі мен отансүйгіштік рухын қызметтік қызметтің биік үлгісі деп таниды. Батырдың бейнесі Мемлекеттік күзет қызметінің жекелеген бағыттарының символикасында ерлік, батылдық пен Отанға адал қызмет етудің айқын көрінісі ретінде орныққан.
Плац-концерт бағдарламасында Президенттік үрлемелі аспаптар оркестрінің орындауындағы патриоттық әндер, оркестр солистерінің жеке нөмірлері, сондай-ақ “Абырой” тобының орындауындағы шығармалар көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар ҚР МКҚ “Айбын” президенттік полкі рәсімдік бөлімшесінің, “Сардар” және “Көкжал” арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қарумен көрсетілетін әсерлі қойылымдары өтті.
Қойылымның идеялық өзегі — Бауыржан Момышұлы рухына арналған “тірі тағзым”. Ол батыр бейнесінің уақытпен шектелмейтінін, оның рухы әрбір Отан қорғаушының бойында өмір сүретінін айшықтайды. Бұл — ел қорғаған бірнеше буын жауынгерлердің рухани сабақтастығы мен тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгіні арасындағы үзілмес байланыс.
Концерт барысында “Елім деп соқсын жүрегің” (Е. Сәрсенбеков, Б. Нұрмұханов), “Рух” (“Абырой” тобы), “Сауыт” (И. Ескендір) сынды танымал патриоттық әндер орындалып, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрі солистерінің орындауында жаңа “Көк аспан” әнінің тұсаукесері өтті.
Аталған плац-концерт батыр рухына тағзым етіп қана қоймай, отансүйгіштік пен елге қызмет етудің мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындады.




