Өндірістегі қауіпсіздік негізгі тақырыптың бірі болды. 2025 жылы еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікке шамамен 16 млрд теңге бағытталды. Кәсіпорындарда жұмыскер мен техниканың орналасуын бақылауға арналған заманауи жүйелер енгізілуде, тәуекелді бақылау күшейтіліп, қауіпсіз еңбек мәдениеті дамытуға көп күш салынуда. Бұл шаралардың барлығының басты мақсаты – әр жұмыскердің амандығын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Компания өндіріс бойынша да қорытынды шығарды. Соңғы бес жылда 151 млн тоннадан астам кен өндірілді. 2025 жылы 243 мың тонна концентраттағы мыс және 363 мың тонна катодты мыс өндірілді.
Соңғы бес жылда «Қазақмыс» компаниясында жұмыскерлердің табысы тұрақты түрде өсіп келеді. 2021 жылы орташа жиынтық табыс айына 480 мың теңгені құраған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 957 мың теңгеге дейін өсті. Осылайша «Қазақмыс» тау-кен металлургия саласында орташа жалақы деңгейі бойынша көш бастап келеді.
Басқарма төрағасы компанияның міндеті – еңбекақы төлеуде әділ әрі түсінікті тәсіл қолдану екенін атап өтті. Сонда әрбір жұмыскер өз жұмысының нәтижесі, жауапкершілік деңгейі мен табысы арасындағы тікелей байланысты байқай алады.
Өндірісті дамыту үшін ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Олардың қатарында – Шатыркөл байыту фабрикасының іске қосылуы, Жезқазған байыту фабрикасын қайта жаңғырту, жабдықтарды жаңарту және жаңа жер асты өндіріс нысандарын қолданысқа беру жобалары бар. Бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын құрып, өндірістің тұрақтылығын арттырады.
Жаңа кен орындарын барлау жұмысына ерекше назар аударылуда. Бұл бағытқа салынған инвестиция мөлшері 100 млн АҚШ долларынан асты. Мемлекеттік балансқа мыс, алтын, күміс және басқа да металдардың жаңа қоры енгізілді.
Компанияда ең басты құндылық – еңбек адамы екеніне баса назар аударылды. Бес жылда жұмыскерлердің орташа жиынтық табысы шамамен екі есе өсті. Медициналық сақтандыру, санаторлық емдеу, отбасыларды қолдау және тұрғын үй бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жаңа Ұжымдық шарттың барлық міндеттемелері орындалуда.
Өңірлерге қолдау көрсету де жалғасуда. Соңғы бес жылда Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы әлеуметтік жобаларға 47 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат спорттық, білім беру және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмысына бағытталды.
«Қазақмыc» өндірістік міндеттерді, еңбек қауіпсіздігін және жұмыскерлер мен өңірлер алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті үйлестіре отырып, алға дамуын жалғастыруда.



