Ол еңбек жолын құрылыс саласында, сылақшы болудан бастады. Сол кезде небәрі 17 жаста еді. Мектеп бітіре салысымен еңбекке араласты. Қатарластары берісі Жезқазған, әрісі Қарағанды, Алматыға оқуға аттанып жатқанда бұл елде қалды. Бірақ...
Бір жыл Жездідегі көптеген құрылысқа атсалысып, қолтаңбасын қалдырған Дана Жезқазған қаласындағы педучилищеге барып, оқуға түсті. «Мектепке дейінгі тәрбие беру» мамандығын оқып, бітірген соң, «Айгөлек» балабақшасында қалаған мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. Табиғатынан балажан болатын, енді соған училище қабырғасында алған теориялық білім қосылған соң, жұмысқа жанын сала кірісті.
Баланың тілін табу оңай емес. Бірақ, Дана тез арада сол қиындықты еңсере білді. Тәрбиеші екенін ұмытпаса да, баламен балаша сөйлесті, бала болып ойнады. Бала деген кімнің кім екенін тез байқағыш келеді ғой, олар Дана тәтелерінің қасынан үйірсектеп шықпайтын болды. Мұны балабақша басшылығы да байқамай қалған жоқ. Сөйтіп, ұжымдағы әріптестер арасында Дана Омарованың абырой-беделі арта түсті.
1991 жылы сол кездегі Жезді ауданы бойынша өткен аудандық байқауда жеңімпаз атанып, «Жыл тәрбиешісі» атағын жеңіп алды. Сол жылы оған сондай -ақ, «Тәрбиеші – методист» атағы берілді. Ол өзінің тәрбиешілік қызметіне бұрынғыдан бетер асқан жауапкершілікпен қарайтын болды. Көптеген ізденістерге барды, жоспарлаған ойлары да көп еді. Әттең..

Құттықтаймыз!
Қымбатты Дана ҚИЯНБЕКҚЫЗЫ!
Сізді бес белесті кейін тастап , алты асқардың қырқасына көтерілген сәтіңізде шын жүректен қуана құттықтаймыз!
Біз Сізді жақсы көреміз! Сіздің кең жүрегіңіз, мейірбанды жүзіңіз , салиқалы сөзіңіз, салмақты мінезіңіз, бәрі – бәрі тәнті етпей қоймайды. «Жомарт» кенішінде 30 жылға жуық адал еңбек етіп келесіз. Осы жылдар ішінде бірнеше мәрте марапаттамаларға ие болдыңыз.
Біз Сізбен мақтанамыз!
Айнымай тартып туған даламызға,
Осынша дархан – көңіл боларсыз ба?
Қашан болсын жүресіз жақсылық пен
Адалдық дәнін сеуіп арамызға.
Ғибратты ғұмырдың иесі – Сіз,
Үлгі, өнеге боп жүрген жанымызда!
Ғасырдың биігінен қолды бұлғап,
Бас иіп тұрсын Бақыт алдыңызда!
Ақ ниетпен : әріптестеріңіз – Сәрсен, Ұлболсын, Бекзат.

90 - жылдардың салқыны қай салаға да аз тиген жоқ. Көптеген жұмыс орындары жабылып жатты. Ел ірі қалаларға қоныс аудара бастады. Қас қылғанда, аудан да жабылып, көшу тіпті белең алды. Балабқшаның да бағы басынан ұшты. Міне, сол жылдары Дана да жаңа жұмыс орнын іздестіруге мәжбүр болды.
Сәтін салғанда жұмыс табыла кетті. Ауылдың маңы, үйдің қасы емес болса да, қатты қуанғаны есінде. Жезқазған қаласынан 70 шақырым қашықта орналасқан кеніштен бір жұмысқа қолы ілікті. Айналаңдағы екінің бірі жұмыссыздар сапында жүргенде, «Қазақмыс» корпорациясы құрамындағы кенішке жұмысқа орналасу» деген аспандағы айды қолға қондырғанмен бірдей ғой! Күні кеше ғана сияқты еді, ойлап отырса, соған да 30 жылға тақап қалыпты – ау... Нақтырақ айтқанда, биыл 27 жыл толыпты.
Ол қазір «Жомарт» кенішінде ауа тазарту құбырының операторы болып істейді. Өз міндетіне әрқашан адалдықпен қарайтын Дананың еңбекқорлығы мен жауапкершілігі тәнті етпей қоймайды. Сондықтан да, басшылық тарапынан да мақтау, марапаттау үзілмейді десе де болғандай. Бұған бейнелеп айтқандағы «бірсандық» Грамоталар куә.
Дана Қиянбекқызының тағы бір ерекшелігі, қоғамдық жұмыс десе де жанып тұрады. Қазіргі кезде мұндай жандар ілуде бір кездесетіні де рас. Көбісі «уақыттың жоқтығын» алға тартады. Ал, Дана керісінше.Өзі бас болып, өзгелерді ұйымдастырып әртүрлі іс – шаралардың белортасында жүреді. Оның осы еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Ол 2024 жылы «Кәсіподақтың құрметті қайраткері» атанды.
- Еңбек еткенге Бақыт басын иіп тұрады. Мен сондай бақыт иесімін –дейді Дана бізбен әңгімесінде. Біз мұны оның жүрегінің үні, көңіліндегісін іркіп қалмағаны деп түсіндік.
Абыройы асқақ, беделі биік жан ғана өзін Бақытты сезіне алса керек. Сол асқақ абырой, биік бедел дәйім Бақыт кемесінде тербете берсін деп тілейіміз кейіпкерімізге! .
Абдолла Нұртауұлы.




