«Жақсыға әркімнің де бар таласы» дегенге бағып айтқаным емес, Мүсілім аға Тоқтамысұлы менің аталас туысқаным болып келеді. Мен ол кісіні бала кезімнен білемін.
Әкейдің, шешейдің бар кезі ғой, содан ба екен, Мүсекең үйге жиі келетін. Барлық сәті болмаса да, ол кісінің жүріс – тұрысының, сөйлеген сөзінің, тіпті, киген киімінің де өзгелерден ерекшелеу болып тұратыны есімде қалып қойыпты. Сұңғақ бойлы кісі ғой, бойын тіп – тік ұстағанда , көз алдыма алып бәйтерек елестейтін. Ал, сөйлеген сөзі ше? Үнемі қастарында отырмасам да, ара – тұра әңгімелерін естіп қаламын ғой, сонда Мүсілім ағаның біреуді тіл ұшына салып отырғанын байқаған емеспін. Адамның сыртынан әңгіме айтпайтынын кейін де аңғардым. Өте сыпайы сөйлейді. Үні жұмсақ, құлаққа жағымды естіледі.
Бір ғажабы, балалық па екен, әлде мән бермегенім бе, сол кездері ол кісінің ғалым екенін де, басшылық қызметтерде жүргенін де білмеппін. Кейін есейе келе өміржолымен танысқанда ғана шахтада бастық, институтта директор және т.б. жоғары лауазымдар атқарғанын білдім. Ол қандай қызмет сатысында жүрсе де үнемі қарапайымдылығын жоғалтпаған адам ғой, сондықтан да, оның қызметіне мән бере қоймасам керек.
Замандастарының , көзін көргендердің, шәкірттерінің естелік – әңгімелерін тыңдағанда ұққаным Мүсілім аға кен өндірісінің ғана емес, ұлттық құндылықтардың да білгірі , жанашыры бола білген екен. Қазақтың ән – күйіне, өлеңіне деген құштарлығы ересен болса керек. Өзінің де аздап өлең жазатыны болғандықтан ба екен, ақын – жазушылардың шығармаларын өте жақсы білген және көпшілікті де руханиятқа әрқашан жақын болуға үндеп жүрген. Ұлтымыздың аяулы перзенті, өткір тілді ақын, жыршы, жырау Шынболат Ділдебаев ағамызбен екеуара достығы осы сөзіміздің дәлелі іспетті.
Есейіп, ержеткен соң, қазақы тілмен айтқанда, етек – жеңімізді жинаған соң, Мүсілім ағамен жиі кездесіп жүрдік. Қазақстанның Еңбек Ері атағын алғаннан кейін ағаға арнайы барып сәлем бердім. Ол кісі әрине, керемет қуанды. Содан соң әңгіме арнасын салмақты сөзге бұрды.
- Жердің астында жүріп кеудеге Жұлдыз тағу деген екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Кешегі даңқты кеншілердің ізін жалғаушы екенің есіңнен шықпасын. Анау Әубәкір Құсайынов, Қасымхан Кентаев, Демберген Баймағанбетов ағаларың қандай еді?! Олар «жұлдыз ауруына» ұшыраған жоқ. Саған да солай жүрген жөн. Бұрын сені айналадағы дос – жарандарың, туған – туыстарың ғана білетін болса, енді барлық жұрт біледі. Сын көзбен қарайтындар көбейеді. Жезқазғаннан сыртқа шықсаң, саған «Ұлытаудың ұлы», «Жезқазғанның жігіті» деп қарайтын болады. Демек, ендігі жерде өзің үшін ғана емес, Жезқазған, Ұлытау үшін де жауаптысың! Осы есіңде болсын. Сырт көз саған қарап біздің ел, осы өңір жайында ой түйеді. Сенің жүріс – тұрысың, сөйлеген сөзің, мінез – құлқың әрдайым жүрген жеріңде жақсы пікір тудыратын болса, бұрын бұл жақта болмаған адамның өзі Ұлытауды, Жезқазғанды, өзің еңбек етіп жатқан Сәтбаев қаласын сырттай сүйсініп, жақсы көреді. «Елді азаматына қарап таны» деген – сол! Міне, осыны ұмытпа – деді Мүсекең.
Ағамның бұл сөздерін қалай ұмытайын, әрдайым жадымда ұстап келемін.
Менің қайынатам Жүсіп Бейсекеев дген кісі де Мүсекеңмен жақсы араласқан жандардың бірі еді. Қазір ол кісі де арамызда жоқ. Мен Мүсекеңе барып сәлем бергенімді, ақыл – кеңесін тыңдап келгенімді айтқанымда, Жүсекең: - Балам, өте дұрыс істеген екенсің – деп бір көтеріліп қалды. Сосын Мүсекеңнің еліне еткен еңбегі туралы әңгімеледі.
– Мүсілімнің еңбегі – ерен. Ол шахтада да жұмыс істеді. Болашақ кен мамандарын даярлайтын Политехникалық институттың Жезқазғандағы филиалын да басқарды. Қайда жүрсе де абыройсыз болмады. Ақшатаудағы еңбегі тіпті, керемет. «Құлап жатқан шахтаны тікесінен тұрғызды, фабриканың жұмысын дүркіретті». Бұл менің сөзім емес, Мүсілімнің еңбегіне Ақшатау халқының берген бағасы. Ең ғажабы, ол ешқашан «мен өйттім, бүйттім» деп кеудесін соққан емес. Кейбір азаматтар бар, өндіріп тастаған түгі болмаса да, атақтары желдей есіп жүретін. Сондайлардың бәрі жабылып бір Мүсілімге жете қоймайды. Өмірдің ақиқаты солай. Мемлекет тарапынан еңбегі кезінде бағаланды, ендігі міндет – есімінің көмескіленіп қалмай, бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа кеңінен насихатталуы – деген Жүсекеңнің сөзі маған тапсырылған аманат секілді сезілді.
Сондықтан, әрқашан қайда болсам да Мүсілім аға туралы айтып жүремін. Білетіндер мақұлдап, білмейтіндер жағы «бұ кісі туралы неге дұрыс насихат жоқ?» деген қарсы сұрақтар да қойып жатады. Жұртшылықтың бұл сөзі де маған әжептәуір ой салды. Сөйтіп, өткен жылы алғаш рет Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілр Сарайында орналасқан «Мұражайда» Мүсілім Тоқтамысұлы туралы арнайы кеш өткіздік. Кешке ағамыздың замандастары, ізбасарлары, шәкірттері жиналды. Қазақстанның және ТМД-ның еңбек сіңірген энергетигі, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Жайық аға Мұңсызбаевтан бастап көптеген көнекөздер жылы естеліктерімен бөлісті.
Қ. Сәтбаев атындағы тарихи – өндірістік музейінің директоры Кенжалы Балкенов ағамыз бен Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының қызметкері Гүлсара Қоңырбайқызына айрықша алғыс айтудың артығы жоқ. Өйткені, олар М. Тоқтамысұлының өміржолына арналған көрме ұйымдастырып, арнайы бұрыш ашты. Сол кештің үстінде Кенжалы ағамыз «Бұл жұмыс осымен тоқтап қалмау керек. Алдымызда ағамыздың 90 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сол айтулы датаны атап өту барысында атқаратын шаруамыздың бірі Аға туралы естеліктер жинағын құрастырып, кітап етіп шығару» деген еді. Қазір бұл кітап дайын болып та қалды. Алдағы күндері сәтін салса қолымызға тиеді деген ойдамыз. Кітаптың жарық көруін, мерейтойлық басқа да іс – шаралар өткізілуін Жезқазған қаласының әкімдігі өз міндетіне алып отыр.
Елге еткен еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Бұған асыл аға Мүсілім Тоқтамысұлының өміржолы айқын дәлел.
Тұрсынбек Макишев,
кенші, Қазақстанның Еңбек Ері.




