Наурыз мейрамы қарсаңында Сәтбаев қаласындағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің "Тіл-құрал" оқу-әдістемелік орталығы ұлттық рух пен зияткерлік бәсекені ұштастырған ерекше шара ұйымдастырды. «Жеңімпаздар шеруі» атты сайыс жас буынның ой-өрісін кеңейтіп, халқымыздың бай мұрасын насихаттауға бағытталды.
Аталған додада "Тоғызқұмалақ" клубының 30 шақты мүшесі өзара тартысты да тартымды ойын өрнегін көрсетті.
Қатысушылар 10–12 және 14–16 жас аралығында сынға түсіп, шеберлігі мен терең ойлау қабілетін паш етті. Әр партияда есепке жүйрік, стратегияға мықты ойыншылар анықталып, әрбір жүріс пен шешім жас зияткерлердің логикалық ойлау деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша үздіктер іріктеліп, жеңімпаздар арнайы марапатқа ие болды.
– Бұл ұлттық мұраны игеруге деген талпыныстың жемісі, - дейді іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан үйірме жетекшісі Асылжан Шахманова.
Ол өз тәрбиеленушілерін үнемі қолдап, зияткерлік дамуына бағыт-бағдар беріп келеді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың ой-санасын дамытуға бағытталған «Жеңімпаздар шеруі» жас дарындардың жаңа белестерге ұмтылуына серпін беруде.
Мейрамгүл САЯЖАН.




