Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы шаһарымыздың мәдени тынысын айқындаған, ұлттық рухты асқақтататын киелі шаңырақ. Тек ән мен күй ғана емес, ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра ретінде қолөнер де ұлықталуда.Бүгінде ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға айрықша ден қойылған. Өрмек тоқу өнерінің қайта жанданып, жүйелі қолға алынуы соның бір жарқын көрінісі болып табылады.
Мекеме басшысы Қарлығаш Өмірбекқызының бастамасымен арнайы тоқу станогының алдырылуы осы бағыттағы батыл қадамдардың бірі болып табылады. Дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысқан тұсында, ұмыт болған өнердің қайта түлеген шағында мәдениет саласының майталманы атанған Гүлсара Жиенәлиева тәтеміз де өзін жаңа бір қырынан танытты. Осы станоктың тілін тауып, басқұр, алаша, термебау тоқуды үлкен жауапкершілікпен қолға алыпты. Әрбір қимылынан ыждаһаттылық пен шеберлік сезіледі.
- Жүн сабалып, түтіліп, иіріліп, боялып, сан түрлі түске енген соң ғана өрмекке тартылады. Әр тал жіп үлкен еңбектің жемісі. Алаша жай ғана төсеніш емес. Онда төл тарихымыз өрнек арқылы сөйлейді. Есеппен тоқылатын алашаның әрбір оюы белгілі бір мағынаны білдіреді. Бір жіптен жаңылсаң, бүтін бір өрнектің сәні мен мәні кетеді. Сондықтан бұл өнер асқан дәлдік пен төзімділікті талап етеді.
Жібін арнайы тапсырыспен алдырып отырмын. Арқау жібі бөлек даярланады, – дейді Гүлсара Қоңырбайқызы.
Ол өрмек тоқуды небәрі 12 жасында анасынан үйренген. Балалық шағында көзбен көріп, көңілге түйгенін бүгінде қайта тірілтіп, жаңа тыныс беруде. Қанша уақыт алмасса да, анасынан үйренген өнер жүректе сақталып, санасында жаңғырып тұр.



- Өрмек тоқу жанға сая, көңілге медет. Қолдың ұсақ моторикасы дамып, ой жүйеленеді, жүйке жүйесі тынышталады. Еңбек пен медитация үндеседі, – деген Гүлсара тәтенің діттегені – алдағы уақытта өтетін Республикалық «Алаша – ұлттық өрнек» фестиваліне қатысу. Қатысып қана қоймай топ жарып, еңбек ұжымының ғана емес, тұтас өңірдің абыройын асқақтату.
Кеншілер сарайының қолөнер шебері Ержан Әбіш өңіржиек тоқитын арнайы станок жасаған екен. Жақында алынған тықыр кілем тоқитын құрылғы да шеберлердің ізденісін арттырып, мүмкіндігін кеңейте түсуде. Алдағы уақытта қолөнерге осы құрылғылар арқылы жастарды баулу жоспарлануда. Сабақтастықтың алтын көпірі деген осы болса керек.
Қарлығаш Өмірбекқызы бастаған Кеншілер сарайының ұжымы ұлттық өнерді дамытуға осылайша шынайы жанашырлықпен үлес қосуда. Олар үшін қолөнер өткеннің сарқыншағы емес, болашаққа бастар рухани бағдар.
Осы ретте биыл қала көлемінде «Шеберлер шеруі» фестивалін өткізу жоспарлануда. Ұлттық өнерді насихаттап қана қоймай, тәжірибе алмасуға, жас таланттарды танытуға жол ашатын іс-шара өрнекке жан бітірген шеберлердің басын қосып, халық өнерінің мәртебесін көтеретін тағылымды алаңға айналмақ.
- Қазақтың жады мен болмысы, мінезі осы өрнекпен өрілген алашада жатыр – дейді Гүлекең.
Қаныш қаласындағы өнер ордасы саналатын Кеншілер сарайында Гүлсара тәтеміз өрмек тоқып отыр. Мақсаты анық. Бұл - дәстүрдің тамырын тереңдетіп, рухымызды асқақтату.
Біз тек қана сәттілік тілейміз!
Мейрамгүл САЯЖАН




